Қырғызстан тауларында құтқарушылар жоғалған альпинистер тобының шатырын тапты. Алайда оның ішінде ешкім болмаған. Қазіргі таңда іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоғалғандардың арасында Беларусьтің екі және Литваның бір азаматы бар.
«8 тамызда Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары іздеу жұмыстарын жүргізіп, 5 мың метр биіктікте түнеді. Бүгін іздеу операциясына арнайы техникамен жабдықталған бес құтқарушы, Шекара қызметінің бес қызметкері және Швейцария азаматтары, екі ерікті гид қосылды», делінген Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Үш альпинист биіктігі 6613,5 метр болатын Құрумды (Қорумду) шыңына көтерілгеннен кейін байланысқа шықпай қойған. Олардың Памир-Алай таулары мен Залай жотасындағы шыңға Солтүстік жота арқылы көтерілгеннен кейін байланысы үзілген.
4 тамызда олар шыңға көтеріліп, операторға хабарласып, базалық лагерьге түсуге дайын екенін айтқан. Алайда белгіленген уақытта топ бақылау нүктесіне жетпеген. Осыдан кейін олармен байланыс үзілген.
Бұған дейін Беларусь альпинизм және құзға өрмелеу федерациясы Қырғызстандағы әріптестерінен альпинистер тобын іздеуге көмек көрсетуді сұраған.