Кепілдендірілген сұраныс: мемлекеттік сатып алулар отандық бизнесті қолдау құралына айналады

Үкімет

Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар. Үкімет қабылдаған шаралар қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттарды кеңейту, сондай-ақ жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті көздейді. Бұл тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге жағдай жасайды.

Отандық кәсіпорындар өз өнімдерін кепілді өткізуді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы алады. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Қор инфрақұрылым мен энергетикада 62 басым жобаны жүзеге асырып, қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда Қордың сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады. Олардың қатарында:

отандық өндірушілерден міндетті сатып алу, 

қамтамасыз етудің барлық түрінен босату, 

егер жеткізуші отандық тауар өндіруші болса, 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту шаралары бар. 

Бұл отандық бизнеске айналым капиталын тиімді сақтауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған шаралардың тиімділігі отандық өндірушілермен ынтымақтастық көлемінің тұрақты өсуімен расталады. 2024 жылы Қор компаниялары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тізіліміне енгізілген 2 070 кәсіпорынмен жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 11,1 мыңнан астам шарт жасасты. 2025 жылы жасалған келісімшарттардың көлемі екі есеге жуық артып, 2,17 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде 2 283 отандық өндірушімен 8,9 мыңнан астам шарт жасалды.

Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы құны 594 млрд теңгені құрайтын 3,8 мыңнан астам шартқа қол қойылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары болды. Оның ішінде жалпы құны 343 млрд теңгені құрайтын 171 ұзақмерзімді келісімшарт бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.

Жаңа өндірістерді іске қосуға және импортты алмастыруға ынталандыратын офтейк-келісімшарттар тетігі де кезең-кезеңімен дамып келеді. 2024 жылы жалпы құны 190 млрд теңге болатын 367 офтейк-келісімшарт, 2025 жылы құны 257,5 млрд теңгені құрайтын 363 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл құндық көрсеткіш бойынша 35%-ға артық. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгеге тағы осындай 115 келісімшарт жасалды. Осы кезеңде жалпы құны 53 млрд теңгені құрайтын импортты алмастыру бойынша 9 жоба мақұлданды. Жалпы құны 74 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жоба қаралу сатысында.

Жалпы алғанда, кейінгі жеті жылда «Самұрық-Қазына» тобының қолдау тетіктері аясында жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын жаңа өндірістерді іске қосу жөніндегі 108 жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етті.