Нетаньяху: «Трамптың жоспары мені қызықтырмайды»

Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізіп отырған жоқ. Жақын арада жүргізбейді де. Иран Сыртқы Істер Министрі осылай деп мәлімдеме жасады. Аббас Аракчидің айтуынша, Трамп елге келтірген залалды өтеуі керек. Ал, Израиль Газа секторынан әскерін алып кетуден бас тартты. Нетаньяху Трамптың 15 пункттен тұратын жоспарына көз қиығын салмаймын, - деп кесіп айтты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ормуз бұғазы ашылады. Бірақ, оған Трамптың еш қатысы жоқ. Иран Сыртқы Істер министрі осылай деді. Иран мен Оман Ормуз бұғазын ашу туралы келіссөз жүргізіп, уағдаластыққа келді. Аббас Аракчидің айтуынша, Иран жақын арада Иранмен келіссөз жүргізбейді.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

АҚШ өзара түсіністік туралы меморандумды белшесінен басып, бізге соққы жасады. Сондықтан, осы уақытқа дейін келтірілген залалдардың шығынын өтеген сәтте ғана бір үстел басына отыруды қарастырамыз. Ал, қазір тек Оманмен келіссөз жүргіздік. Бұл диалог қорытындысы да Трампқа байланысты.

Нетаньяху Трампты ұятқа қалдырды. Одан қалды, абыройын айрандай төкті. Израиль, АҚШ Президентінің жоспарын «Бос сандырақ» деп, Газа секторынан әскерін алып кетуден бас тартты. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Израиль Газа секторын тұрақтандыру туралы халықаралық бейбіт келісімге қол қойған еді.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

ХАМАС қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде барлық қарудан бас тартуы керек. Ауыр техникадан бөлек, кішігірім автоматтың өзі де қалмауы тиіс. Сол кезде ғана біз әскерімізді алып кетеміз. Көпшілік айтып жатқан 15 пункттен тұратын жоспарды көрген де жоқпын. Маған ол қызық та емес. Мен тек Израиль халқын ойлаймын.

Тайвань тарихындағы ең ірі әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Хань Гуан деп аталатын бұл шара Қытай шабуылдаған жағдайда мейлінше тез тойтаруға бағытталған. Тайвань бүкіл әскер түрлерін жұмылдырып, резервтегі азаматтарды да шақырды. Осылайша, теңіз десантын аралға жолатпау, әуе қорғанысы кешендерінің жұмысы мен, партизандық ұрыс түрлері машықталуда.

ЛИНЬ ЯНГ, ВЗВОД КОМАНДИРІ:

Біз бүкіл әлемдегі тәжірибеден сабақ алып жатырмыз. Сондықтан, осы жолы дрондар көптеп пайдаландық. Осылай жұмыла күрессек, аралды басып алу мүмкін болмайды.

Сауд Арабиясы, Түркия мен Пәкістан жаңа әскери одақ құрды. Енді осы елдің біріне шабуыл жасалынған жағдайда, агрессорға бірден үш мемлекет жабылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл одақ Иран ядролық қаруға қол жеткізген жағдайда қажет болмақ.