Абай мұрасы заман өзгерсе де маңызын жоғалтпайды

  • AstanaTV
  • 10 тамыз 2026

Абай мұрасы - ұлт руханиятының темірқазығы. Хакімнің ғасыр бұрын айтқан ой-тұжырымдары бүгінде де өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, «Толық адам» концепциясы мен «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидасы қазіргі қоғам үшін де маңызды бағдарға айналды.

 Бүгін-Абай күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  қазақстандықтарды құттықтады.

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болған Абайдың асыл сөзі – ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани мұра. Хакімнің адамгершілік, білім, еңбек пен елдік туралы ойлары бүгінгі қоғамдық құндылықтармен де сабақтас. Мемлекет басшысы Абай мұрасының ел дамуы үшін маңызын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болады деп сенемін.

Тұрмыс-тіршіліктің қарбаласы мен мына құбылмалы заманда Абай сөзі - әр адамның ішкі әлеміне үңілуге жол ашады. Хакім мұрасы - зерттелмеген мұхит, игерілмеген ғарыш секілді шексіз. Мұнда ақыл мен сезімнің, қайрат пен жүректің тоғысқан биігі бар. Әр дәуір бұл асыл қазынадан өзіне керегін тауып, жаңаша таниды.

ШӘКІР ЫБЫРАЕВ, ТҮРКОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Абайдың шығармалары үнемі қайта түлеп отыратын, әр қоғам өзінің керегін тауып отыратын генеративті сипаттағы бір идеялар айтқан. Абайдың ойларығ Абай айтқан тұжырымдары заман өтсе де тозбайды. Себебі, әр дәуір, әр қоғам одан керегімізді тауып отырамыз. Сондықтан Абайды жаңаша көретін мәселелер жеткілікті.

Толық адам концепциясы - адам баласының болмысын ашып, әр қазақтың көкірек көзін ашты.  Бұл рухани мектеп ЮНЕСКО деңгейінде де әлемдік мәдениеттің маңызды құндылығы ретінде танылған. Ақын аманатын өскелең ұрпаққа жеткізу үшін арнайы ғылыми-ағартушылық жобалар жүзеге асырылуда.

ЖАНБОТА КӘРІПБАЕВ, ЕҰУ "АБАЙ АКАДЕМИЯСЫ" ҒЗИ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ:

Абайтану оқулары өтеді. Дәстүрлі түрде жаз айларында Абай облысында өтеді. Оның жеңімпаздарына грант бөлінеді. Филология факультетінде оқуға мүмкіндік алады.

Абай өлеңдерімен сусындап, оның «жұмбақ әлеміне» бойлай білген жас өрендердің өмірде өз жолын табары анық. Өйткені Абай мұрасы  тек өткеннің шежіресі емес, ұлттық сананы қалыптастырып, елді озық болашаққа бастайтын мәңгілік рухани темірқазық.