Елімізде әрбір төртінші әйел харассментпен бетпе-бет келеді. Алайда оның 30 пайызға жуығы ғана құқық қорғау органдарына шағымданады. Арызданбауға "ұят болады" деген ой мен заңнамада «сексуалды харассмент» деген жеке баптың жоқтығы себеп. Құқықты заң шеңберінде қалай қорғау керек? Аяулым Изатқызы тарқатады.
АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Саябақта серуендеп жүрсе де, аялдамада автобус күтсе де, кітапханада кітап оқыса да, жұмыста өз міндетін атқарса да, қыз-келіншектер харассментке ұшырауы мүмкін. Өйткені оның орны да, уақыты да, киімі де жоқ. Мұндайда бастысы - үнсіз қалмау
Алаңдатарлығы - нәзік жандылардың 71%-ға жуығы өмірінде ең болмағанда бір рет харассменттің түрлі формасымен бетпе-бет келеді. Әсіресе халық лық толы қоғамдық көліктер - артық тиісіп, шекараны бұзатындардың негізгі алаңына айналған. Адам ырғын жерде жазасыз қалатынына сенімді агрессорлар тіпті камерадан да, айналадағылардан да қаймықпайды. Ал мұндайда қарапайым жұрттың реакциясы қандай?
БЛИЦ:
- Көзқарасым жаман, ұстатқызбаймыз. Соттату керек
- Телефонка түсіріп, полицияға беру керек. Басқа амал жоқ
Десе де қысым көргендердің басым бөлігі полицияға арызданбақ түгілі, дауыс шығарып айта алмай іштей тынады. Өйткені мұндайда агрессордың арбауы мен психологиялық манипуляциясы іске қосылады. Жәбірленуші көбіне өзін кінәлі сезінеді немесе «мұнымды ешкім түсінбейді» деп қорқады.
ЛИМАНА ҚОЙШИЕВА, ПСИХОЛОГ:
Харассменттен кейін бірінші қадам - мойындау. Өзінің құрбан болғанын, яғни өзінің шекарасы бұзылғанын, өзінің қысымға ұшырап жатқанын ол бірінші орында мойындауы керек. Ол жақсы көргеннен емес, шын мәнінде қатігез агрессордың қармағына түскенін білуі керек. Сосын бұл жерде манипуляция бар. Өйткені манипуляцияда егер кетем деген жағдайда, мен қазір хабарлаймын, шағымданамын деген кезде манипуляцияға ұшырап жатады. Мен сені жақсы көрем деген сияқты. Үнемі кешірім сұрап, бір уақыт алып алады. 2 айдан кейін бұл жағдай қайтадан басталады.
Сондай-ақ отандық заңнамада «сексуалды харассмент» деген жеке ұғымның немесе арнайы баптың жоқтығы да жағдайды күрделендіріп тұр. Заңгерлердің айтуынша, мұндай әрекеттер көбіне тек «ұсақ бұзақылық» ретінде бағаланады. Ал егер қорқытып, дөрекі күш қолданса ғана қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.
ИННА КАРКАДА, ҚР КАССАЦИЯЛЫҚ СОТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СУДЬЯСЫ:
Халық арасында «видео болмаса, тиісу фактісін дәлелдеу мүмкін емес» деген түсінік бар. Бұл - қате. Заң бойынша, тек тікелей түсірілген видео ғана емес, куәгерлер мен жәбірленушінің жауабы, сот-медициналық сараптамалар да негізгі дәлел бола алады. Сот барлық материалды жиынтық түрде тексереді.
Сондықтан мамандар қауіп төнген сәтте сасқалақтамай, бірден айналадағылардың назарын аударуға кеңес береді. Куәгерлердің нөмірін жазып алып, камера жазбаларын талап ету - қылмыскерді жазасыз қалдырмаудың төте жолы.