Мумбайда BRICS WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы өтті

Мумбайда BRICS WAVES Bazaar 2026 халықаралық форумы өтті. Шарада кино мен телевидение, OTT платформалары, анимация мен VFX, ойын индустриясы мен музыка, цифрлық контент пен жасанды интеллект, технология мен инвестиция бір арнаға тоғысты, – деп хабарлайды  Astana TV.

Шараны Үндістанның Ақпарат және хабар тарату министрлігіне қарасты Ұлттық киноны дамыту корпорациясы (NFDC) ұйымдастырды. Форумға бастапқыда 500-ден астам делегат қатысады деп жоспарланғанымен, жиынға әлемнің әр түкпірінен 900-ден астам шығармашылық индустрия өкілі жиналды. Олардың қатарында продюсерлер мен режиссерлер, киностудиялар мен телеарналардың өкілдері, OTT платформалары, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен стартаптар, мемлекеттік мекемелер, кино комиссиялары және басқа да креативті индустрия мамандары болды.

Қазақстаннан «Хабар», «Астана» телеарналарының ресми өкілдері, продюсерлер, режиссерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Бір қарағанда, бұл кезекті халықаралық кинофорум сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ BRICS WAVES Bazaar-дың ауқымы одан әлдеқайда кең. Шара барысында 275-тен астам арнайы ұйымдастырылған іскерлік кездесу өтті. Продюсерлер инвесторлармен, режиссерлер продюсерлермен, контент иелері дистрибьюторлармен жүздесті.

1,5 миллиардқа жуық халқы бар елдің ішкі нарығының өзі алып. Оның үстіне үнді контентінің сыртқы нарыққа шығу әлеуеті зор. Болливудпен бірге Толливуд, Колливуд және басқа да аймақтық киноиндустриялар қалыптасқан. Әрқайсысының өз көрермені, өндірістік жүйесі мен танымал тұлғалары бар.

Осы тұрғыдан BRICS-тің шығармашылық индустрияға бет бұруы да заңды. Бастапқыда экономикалық ынтымақтастық алаңы ретінде қалыптасқан ұйымның күн тәртібі уақыт өте кеңейіп келеді. Қазір оның құрамында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африкамен қатар Мысыр, Эфиопия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезия бар. Серіктес мемлекеттер форматы да қалыптасып отыр.

Бұл елдердің бірқатарын халық санының көптігі, ауқымды ішкі нарығы және шығармашылық индустриясының әлеуеті біріктіреді. Сондықтан BRICS кеңістігіндегі байланыстарды тек сауда, қаржы немесе энергетикамен шектеу жеткіліксіз. Мәдениет пен креативті индустрия да экономикалық дипломатияның жаңа құралына айналып келеді.

Қазақстан BRICS-тің толыққанды мүшесі емес. Дегенмен, ел бұл бірлестікпен экономикалық байланыстарды дамытып, BRICS форматтарындағы, соның ішінде BRICS+ алаңдарындағы іс-шараларға қатысып келеді. Қазақстан басшылығы ұйымға қосылу мәселесін ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырып, әзірге толық мүшелікке өтініш беруден қалыс қалып отыр.

Алайда шығармашылық индустриядағы мүмкіндіктерді қарастыру үшін міндетті түрде мүшелік қажет емес. Мумбайдағы форум соның бір мысалын көрсетті.

BRICS WAVES Bazaar аясындағы «Women Leading the Future of the BRICS Creative Economy» халықаралық панельдік талқылауына Үндістан Үкіметінің шақыруымен Қазақстанның Медиа-туризм елшісі, кинопродюсер Надира Ахонова спикер ретінде қатысты. Ол Қазақстанның халықаралық кино өндірісі үшін перспективалы алаң ретіндегі әлеуеті, кинотуризм, мәдени дипломатия және халықаралық копродукция мәселелеріне тоқталды.

Кино – бұл тек өнер ғана емес, сонымен қатар мәдени дипломатияның, туризмді дамытудың және халықаралық қатынастарды нығайтудың тиімді құралы. Қазақстан халықаралық ынтымақтастыққа ашық және Үндістанмен және басқа БРИКС елдерімен бірлескен кино жобаларын дамытуға дайын», – деді Надира Ахонова.

Форум қорытындысында ол халықаралық ынтымақтастық пен креативті экономиканы дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа ие болды.

Қазақстан үшін бұл жерде ең маңызды мәселенің бірі – Үндістанның алып кино нарығына қалай кіру. Оған дайын өнім апарып көрсету жеткіліксіз. Қазақстан өзін көрермен нарығы ретінде ғана емес, кино өндірісіндегі серіктес ретінде ұсына алуы керек.

Біздің бұған мүмкіндік беретін табиғи артықшылықтарымыз да бар. Алматы мен Алматы облысының таулары, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Маңғыстаудың ерекше табиғаты, ұлан-ғайыр дала, тарихи қалалар мен сәулет нысандары – шетелдік кино үшін тартымды локациялар.

Мумбайдағы BRICS WAVES Bazaar форумы бүгінгі кино – экрандағы оқиғадан әлдеқайда үлкен ұғым екенін аңғартты. Оның ар жағында туризм мен технология, инвестиция мен авторлық құқық, телевидение мен цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен халықаралық бизнес тұр. Яғни кино кейде тұтас бір елдің әлемге ашылған терезесіне айналады.

Үндістан өзін әлемге кино арқылы танытқан ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан жыл сайын мыңнан астам фильм өндіріп, оларды ішкі нарықпен шектемей, әлемнің әр түкпіріне таратуға ұмтылады. 1,5 миллиардқа жуық халқы бар алып нарық Қазақстан үшін де айрықша мүмкіндік. Оның үстіне әңгіме тек кино туралы емес. Музыка, телевидение, анимация, ойын индустриясы, цифрлық контент пен туризм үшін де бұл нарықтың есігі ашық.

Қазақстанға Болливудты қайталаудың қажеті жоқ. Бізде қалыптасқан өз кино мектебіміз, терең де тағдырлы тарихымыз, тұмса табиғатымыз бар. Бізге керегі – сол құндылықтарды әлемдік көрерменге түсінікті тілде жеткізудің жаңа жолдарын табу.

BRICS WAVES Bazaar Қазақстанға сондай мүмкіндіктің бір есігін ашты. Халықаралық мәдени байланыста мүмкіндік өздігінен жетістікке айналмайды. Оны нақты жобаға, ортақ өндіріске, жаңа серіктестікке және әлемдік нарыққа шығатын өнімге айналдыра алғанда ғана нәтижесі болады.