Астанада жүздеген қала тұрғыны Олимпиада чемпиондарымен бірге «10 000 қадам» іс-шарасына қатысты

Фото: gov.kz

11 тамызда Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды.

Елорданың жүздеген тұрғыны Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жаяу жүрді.

Іс-шара таңғы сағат 06:00-де фитнес-жаттықтырушы Александра Нуркенованың ашық жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.

Жол бойында спортшылар қала тұрғындарымен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Іс-шара соңында қатысушылар мен чемпиондардың қатысуымен фотосессия ұйымдастырылды.

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының дәл осы форматтағы іс-шарадан басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті.
 

«Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Таңертеңгілік ашық жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларға тұрғындардың белсенді қатысуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру», – деді министр.

 Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ашық жаттығу және олимпиадашылармен бірге «10 000 қадам» іс-шарасы — Спорт күні қарсаңындағы спорт апталығының басы. Мерекеге орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.
 

«Бүгінде халықтың 44%-дан астамы дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34%-дан асып, шамамен 1,8 млн балаға жетті. Біздің міндетіміз – осы көрсеткішті арттыру. 2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамтуды 50%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, «10 000 қадам» іс-шарасы «Спортшылар кеңесінің» ұйымдастыруымен өтті.