Алматыда жасөспірім жоғары қабаттан құлап, көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол құрбыларына қонаққа келген. Куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтты.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Жасөспірім түнгі 3-тер шамасында дәл осы тұрғын үйдің 7 ші қабатынан құлаған. Куәгерлердің сөзінше, алдымен айғайлаған дауыс естілген. Қыздың құлағанын сонан соң білдік дейді. Мұнда қан іздері әлі де жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, қыздың анасы мен жігіті дәл құлаған сәтінде келіпті. Екеуінің бірнеше мәрте айғайлап, жігіттің марқұмның құрбыларымен сөйлескенін көрдік дейді.
МАРЖАН САРЫМЫШОВА, КУӘГЕР:
Мына жерге жүгіріп бір әйелдің өткенін көрдім да үлкен кісі. И артынан жас бала қатты айқайлады. Өте қатты жандауысы шықты. Тарс етіп ана қыз құлап, арқа бетімен бері қарай жатыр жерде, қан. Мамасы уақытында 2 секунд, 3 секунд артынан келіпті. Артынан жігіті келіпті. Жігіті екен жаңағы бала. Неге ішкізесіңдер, неге ішкізесіңдер" деп екі қыз сабалап бала деген мына жерде. Бір құрбысымен ұрсысып жүргенін естідім.
Оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция қылмыстық іс қозғады.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Адам өлімі дерегі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Болған жағдайдың себеп-салдары және мән-жайы анықталуда.
Бұл қайғылы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оқиғаның қалай болғаны туралы әркім әртүрлі болжам айтуда. Ал жас қыздың өліміне не себеп болғанын құзырлы орган анықтамақ.