Павлодарда 6 бірдей жұмысшының өліміне күдікті үшінші адам қамауға алынды

Павлодарда 6 бірдей адамның өліміне күдікті ретінде «Аqtogai Мilk» серіктестігінің құрылтайшысы қамауға алынды. Естеріңізге салайық, шілденің 20-сы күні Жоламан ауылындағы сүт фермасында кәріз құдығын жөндеуге түскен 6 адам көз жұмған болатын. Алдын ала дерек бойынша жұмысшыларды тоқ соққан немесе уланған болуы мүмкін. Бірақ, осы күнге дейін нақтыланған жоқ. Қайтыс болғандардың төртеуі- бір әулеттен.  Әкесі мен екі ұлы  және бір жиені бақилық болды. Ал 38 жастағы жетінші адам аман қалды. Оған көмірқышқыл газымен улану диагнозы қойылған.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Қылмыстық іс аясында істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізілуде. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.