Астана іргесіндегі Қоянды ауылында демалған отбасының 9 және 11 жастағы қыздары да суға кетіп, көз жұмды. Құтқарушылар бүлдіршіндерді су астынан ес-түссіз қалпында алып шықты. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгенмен, балаларды құтқару мүмкін болмаған. Ал Аршалы ауданында су бетінде SUP-борд тепкен екі жігіт өлім аузынан қалды. Олар Астана суқоймасына шыққанда кенеттен қатты жел соғып, толқын көтерілген. Салдарынан демалушылар жағалаудан 4 шақырым жерге еріксіз ұзап кетеді. Оқиғаға куә болған туыстары құтқарушыларды шақырған. Байланыссыз қалған жігіттерді жеке құрамның 25 қызметкері түнгі сағат 1-ге дейін іздеген. Абырой болғанда адасқан екеу қамыс арасынан аман-есен табылды. Олар 4 сағат бойы маңайда дабыл қаққан құтқарушыларды ұйықтап жатып естімеген.
ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аршалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі құтқарылған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 2001, 2002 жылғы азаматтар тыйым салынған кешкі уақытта су бетіне шыққандары үшін жазаланды. Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы 33 адам суға батып қайтыс болды. Оның 10-ы бала.