Кәрізге деп жиналған миллиондаған қаржы жоқ

  • AstanaTV
  • 12 тамыз 2026

Ақтөбенің қақ ортасындағы Балқытушылар көшесінің тұрғындары 25 жылдан бері кәріз жүйесін күтіп отыр. Жыл сайын мәселені көтеруден шаршаған жұрт ақыры канализацияны өз күшімен тартуға бел буған. Бірақ, алаяққа тап болды. 2024 жылы тұрғындар жеке серіктестікпен келісім жасап, канализация тарту үшін ақша жинаған. 28 үйден 8 миллион 700 мың теңге қаржы шығарып, серіктестік басшысының жеке есепшотына аударылған. Арада 2 жыл өтті. Кәріз жүйесі әлі жоқ. Ақшаның да қайда кеткені белгісіз. Ал тұрғындар лас суды ассенизатормен сорғызады. Ай сайын әр отбасының қалтасынан кемі 20-30 мың теңге шығады. Кейбірі айына бірнеше рет арнайы көлік шақыруға мәжбүр.

ТӨРЕҒАЛИ ӨТКЕЛОВ, ТҰРҒЫН:

300 мың ақша жинап бердік бәріміз деген, міне екінші жыл болып жатыр , екінші жыл болады уже 1 айдан кейін. Әлі жоқ, алдап келетар- әне істейміз, міне істейміз. Ода да ұят жоқ, бізде де ұят жоқ айтамыз. Кредитке ақша алды пенсионерлер мен сияқты деген.

АҚҚУ МУСЕЕВА, ТҰРҒЫН:

82 үй, содан 60 адам біздер ақша тапсырғанбыз. 2024 жыл қыркүйек айында, бір Марат Назенов деген келіп, біздерге сондай нені берді, канализация жасаймын деп. Вот ана көшеде істеді, мына көшеде істеді деп, біздерден ақша жинап алып, личный каспиға біздерде 28 үй тапсырдық.

Ең сорақысы, тұрғындар полицияға 1 жыл бұрын арыз жазған. Іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта қаралған. Жұрт прокуратураға да жүгінген. Ал күдікке іліккен серіктестік басшысының ақшаны жеке қажеттілігіне, тіпті онлайн ойындарға жұмсағаны туралы мәліметтер бар, дейді тұрғындар. Алданғандар істің жан-жақты экономикалық сараптамадан өтуін талап етуде.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аталған факті бойынша, ҚР ҚК нің 190-шы бабы, «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы анықталуға бағытталған. Тергеу жұмыстары жүргізілуде, тергеу нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданатын болады.