Жаттығу кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті

Астанадағы Футбол үйінің аумағында 9 жастағы баланың үстіне қақпа құлап кетті. Ауыр жарақат алған жеткіншек  қазір ауруханада. Полиция бұған қатысты іс қозғады. Толығырақ тілшіміз Назерке Алтынбек айтады.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Келеңсіз жағдай  жаттығу кезінде болған.  Баланың жасы-9 да. Бас миы зақымдалып, сүйегі сынған ол аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Жеткіншекке дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.   

ДИНАТ ҚОЖЕКЕНОВ, № 2 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алғашқы тәулікте бала реанимация бөлімінде ем қабылдады. Содан кейін динамикада жағдайы біраз тұрақталғанына байланысты, ары қарай профильді бөлім - нейрохирургия бөліміне ауыстырылы, сол жерде ем қабылдауда.

Қазақстан футбол федерациясы нысанның техникалық жағдайына байланысты ішкі тексеру бастады. Федерация мәліметінше, алаң жаттығу өткізу үшін жекеменшік футбол мектебіне жалға берілген. Сондай-ақ, олар тергеу органдарына көмектесуге дайын екенін хабарлады. 

СКОТТ МАНН, ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Қазақстан футбол федерациясы бұл жағдай бойынша дереу тексеру жұмыстарын бастады. Біз заң талаптары мен ережелерге сәйкес әрекет етіп, құзыретті органдармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің де бар тілегіміз – зардап шеккен баланың амандығы. Федерация атынан баланың тезірек сауығып кетуін тілейміз.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.