Елімізде дәріхана саны артқанымен, дәрі-дәрмек бағасы қымбат

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2026

Елімізде дәріхана саны артқанымен, дәрі-дәрмектің бағасы арзандар емес. Басы ауырып, балтыры сыздағанға ем болатын препараттардың 85 пайызы импортқа тәуелді. Ал қалғаны отандық өнімдер. Өндірушіден шыққан дәрінің құны тұтынушыға жеткенше қанша кезеңнен өтеді? Бағаның қымбаттауына не себеп?

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Қазақстандықтар дәріні аз сатып алғанымен, оған көбірек ақша жұмсаған. 2025 жылы бөлшек фармацевтика нарығы 667,7 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 14,7 пайызға өскен. Ал сатылған дәрі қаптамаларының саны 11,4 пайызға кеміп, 469,9 млн-ды құрады. Демек, нарықтағы өсім дәрі көлемінің емес, оның құнының артуы есебінен қалыптасқан.

Халықаралық талдау орталығының дерегін халық та қуаттап отыр. Бұқара көбіне этил спирті, натрий хлориді мен парацетамол сынды дәрілерді алады. Ал дәріханалар саны өткен жылы 1 126-ға артып, 9 659-ға жеткен.

БЛИЦ:

- Анда санда алам. Бірақ қымбаттады. Қымбат. Неге екенін білмеймін?!

- Барлық заттар қымбаттап жатқанда ол дәрі обязательно қымбаттайды ғой.

- Бағалары қымбат. Аптекадан үйге керекті. Басы аурудікі. Тамақ ауырғанға.

Дәрі нарығындағы ақшалай айналымның 70 пайыздан астамын 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейінгі препараттар құрайды. Ал сатылған қаптама саны бойынша көш бастап тұрғаны – 100-500 теңге аралығындағы дәрілер, олардың үлесі 44 пайыз. 1мың мен 3 мың теңге  тұратын препараттардың үлесі де аз емес – 26 пайыз. Ал бұл дәрі өндірушіден тікелей емес, көбіне дистрибьютор арқылы жеткізіледі.

ГУЛДАРИЯ МАНАҚПАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Әр дистрибьютер тиімді дистрибюторлік тактиканың стандартқа сай болу керек. Сондықтан дистрибютор көбейген сайын әрине арасында өзінің үстемін қосады. Бірақ ол да шектеледі. Мысалы 94 бұйрық бар бізде. Оның ішіне 3039 рецепторлық дәрілік заттар кірген. Олардың бағалары шектелген. Реттеледі.

Импорттық дәрілер Еуропа елдерінен, Үндістаннан, Қытайдан, Түркиядан, Ресейден және басқа мемлекеттерден жеткізіледі. Олардың ішінде инновациялық, жоғары технологиялық препараттар, онкологиялық ауруларға арналған және сирек кездесетін дәрілік заттар бар. Ал олардың бағасын бақылаудың маңызды құралы таңбалау тетігі.

ГҮЛНАР ЖҮКЕЕВА, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ САРАПШЫСЫ:

Таңбалау жүйесінде соңғы жылдары біздерде яғни әрбір дәрілік заттың таңбасына жеке жеке код қойылады. Әрбір препаратқа ол яғни отандық өндіруші, одан кейін дистрибьютер одан кейін дәріхана, дәріханадан кейінгі сол тұтынушы пациентке қалай жеткізілетінің барлығы көрініп отырады.

Дәріхана санының көбеюі дәрінің арзандайтынына кепіл емес. Бағаға импортқа тәуелділік, валюта бағамы, логистика, жеткізу тізбегі және нарықтағы бәсекелестік сияқты бірнеше фактор әсер етеді. Ал дәріні өндірушіден тікелей сатып алу үлесін арттыру шығындарды қысқартудың бір жолы.