Астанада Халықаралық жастар күніне орай «JASTAR DAY» фестивалі өтті. Мерекелік шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 жарым мыңнан астам жас жиналды. Биылғы шарада «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», цифрландыру және жасанды интеллект тақырыптарына ерекше мән берілді.
Мерекелік шарада Президенттің жастарға арналған құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Фестивальдің басты мақсаты - жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
ЕРЛАН АЙДАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Аталған мереке бізде жыл сайын тойланады. Ағымдағы жылы бұл іс-шараны өте ауқымды жасап жатырмыз. Бұл бізде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша біріккен іс-шараға қосылып отыр.
Иә, мереке аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 30 жеңімпазы марапатталды. Түрлі бағыт бойынша жоба ұсынған авторларға 3 млн теңге көлемінде грант берілді. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың қатысуымен мерекелік шеру ұйымдастырылды.
АҚАН БЕСБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Елімізде жастар күні үлкен жоғары деңгейде тойланып отыр. 20 өңірдің белсенді белді деген жастарының басы қосылып отыр. Түрлі спикерлермен бірге семинар, тренингтерге қатыстық.
Бүгінде елімізде 5 миллион 800 мыңға жуық жас бар. Соңғы бес жылда 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылған. Осы кезеңде 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант алған. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол береді.