2023-2024 жылдары азаматтардан ақша алған әйелдің уәдесі орындалмады. Оның әрекетінен келген шығынның көлемі де аз емес.
Степногорскіде азаматтарға тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде берген әйел 20 адамды алдап, 45 млн теңгеден астам шығын келтірген. Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Степногорск қаласының прокуратурасы ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айыпталған қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.
Тергеу материалдарына сәйкес, әйел 2023-2024 жылдары пайдакүнемдік мақсатта азаматтардың сеніміне кіріп, оларға тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген. Алайда оның өз міндеттемелерін орындауға ниеті де, нақты мүмкіндігі де болмаған. Соған қарамастан, ол азаматтардан ақша алып, қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған, - деп хабарлады қалалық прокуратура.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде оның әрекетінен 20 азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген материалдық залалдың жалпы көлемі 45 млн теңгеден асты.
Сот талқылауы барысында сотталушының қылмыс жасағаны толық дәлелденді.
Степногорск қаласының соты әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура тұрғын үй алуда сақ болуға шақырды
Степногорск қаласының прокуратурасы азаматтарды мәмілелер жасау кезінде, әсіресе тұрғын үй сатып алуға қатысты мәселелерде, барынша қырағы болуға шақырды.
Құзырлы орган ұсынылатын қызметтердің шынайылығын, тұлғалардың өкілеттіктерін және ақша қаражатын алуға заңды негіздерінің бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес береді.
Прокуратураның мәліметінше, тиісті құжаттары мен заңды кепілдіктері жоқ бола тұра тұрғын үй мәселесін тиімді шарттармен шешіп беруге уәде ететін адамдарға сенуге болмайды. Мұндай ұсыныстар алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.