Астанада үш жасөспірім самокатпен автобусқа қарсы жүріп, апатқа түсті

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2026

Астанада электросамокатпен жүрген үш жасөспірім автобуспен соқтығысып, бірі көлік астына түсіп қалды. Елордада самокаттардың қатысуымен болатын жол апаттары азаймай отыр. Жыл басынан бері 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Оқиға дәл осы Түркістан көшесіндегі аялдамалардың бірінде болған. Үш жасөспірім электросамокатпен автобус жолағына шығып, қарсы бағытта зулаған. Аялдамаға бұрылып бара жатқан автобусты көрсе де, жанынан өтіп кетеміз деп ойласа керек. Нәтижесінде екеуі өтіп үлгерді, ал үшіншісі автобустың астына кіріп кеткен.

Абырой болғанда, жеткіншек аман. Соқтығыс салдарынан самокат автобустың дөңгелегінің астында қалып, қоғамдық көліктің алдыңғы әйнегі  сынған.

АИДА САТЫЛҒАНОВА, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер тексеруінен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде.

Кенесары көшесінде де электросамокат жүргізушісінің қатысуымен    жол апаты болды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауда. Жыл басынан бері елордада самокаттардың қатысуымен болған жол апатынан 29 адам түрлі жарақат алған.  Енді 25 тамыздан бастап электросамокат айдайтындарға қойылатын талап қатаңдайды.

НҰРЛАН УВАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Олар велосипед жолдарымен және веложолақтармен қозғалуы тиіс. Электросамокатты 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігі бар, қорғаныш дулығасын киген азаматтар ғана қолдана алады. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.

Енді жалға берілетін әр самокаттың арнайы тіркеу нөмірі болады. Бұл ереже бұзғандарды бейнекамера арқылы бірден анықтауға мүмкіндік береді. Ал кикшеринг компаниялары техникалық қауіпсіздікті қадағалап, белгіленген аумақта жылдамдықты автоматты түрде шектеп отырады.