Нью-Йорк қаласы мен штаты қайтадан Трамптың жарлығына қарсы шықты. АҚШ Президенті өзінің жарлығымен 25 мың кәмелетке толмаған баланы далада қалдыруды жоспарлап отыр. Ал, Нью-Йорк қаласындағы мигрант балалар мен жасөспірімдерге заңгерлік көмек көрсетіледі. Солтүстік Корея бір апта ішінде екі рет Жапония аумағына баллистикалық зымыран жіберген. Нақтырақ айтсақ, елдің теңіз аумағына екі зымыран түсті. Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 280-нен асты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Дональд Трамп қайтадан заңды өзгертіп, 25 мың мигрант баланы елден қумақ. Бірақ, Нью-Йорк қаласының мэры мен штат губернаторы қарсы шықты. Олар, аумақтағы иммигранттардың балаларына жергілікті бюджеттен ақша бөлмек. Осылайша, әр баланың ісі сотқа жетіп, бөлек қаралады. Айта кетейік, АҚШ Конституциясы бойынша, ересек-иммигрант бірден елден қуылатын болса, балалар мемлекет тарапынан адвокатпен қамтамасыз етілуі тиіс.
ЗОРАН МОМДАНИ, НЬЮ-ЙОРК ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРЫ:
Президент Трамп бір қаулы шығарып, жарлыққа қол қойғанда бұдан бетер ештеңе жоқ шығар, - деп ойлаймыз. Бірақ, Президент пен оның әкімшілігі елдің бейбіт өміріне зиян келтіретін жаңа айла ойлап табады. Осы жолы бейкүнә балалар зардап шегейін деп тұр. Ата-анасынан жырақта, бөтен елде жүрген бала барлығынан қорқуға мәжбүр. Сондықтан, біз оларды қорғауға алмақпыз.
Солтүстік Корея Жапонияға қайтадан қауіп төндірді. Бір аптада екі рет Корей Халық Демократиялық Республикасы Жапония аумағына қарай баллистикалық зымыран жіберген. Абырой болғанда, ракеталар аралдарға жетпей, теңізде құлады. Жапония билігі, Солтүстік Кореяның бұл әрекетін арандатушылық, - деп айыптады.
ШИНДЖИРО КОИЗУМИ, ЖАПОНИЯ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Штабтар бастығының біріккен комитеті Солтүстік Кореядағы Вонсан аумағынан зымыран жіберілгенін уақытылы анықтады. Дабыл қағылып, әуе қорғанысы кешендері дайын тұрды. Біздің экономикалық теңіз аймағында құлағандықтан, шара қолданбадық. Дегенмен, АҚШ Қорғаныс министрлігіне дереу хабар жіберіп, көмек сұрадық. Олар, да жағдай шиеленіскен жағдайда, дайын болды.
Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 281-ге жетті. Құтқарушылар үйінді астынан тірі адам табамыз деген үміттері сағат санап сөніп барады. Іс-түссіз жоғалғандардың қатары да азая қоймады. Оның үстіне, үйінді астында жақындарын іздеп жүрген тұрғындар да, құтқарушылар да техника жетіспеушілігіне наразы.
ХУЛИО СЕЗАР ПИНЕДА, ҚҰТҚАРУШЫ:
Мен 1999-ы жылғы зілзала кезінде қалай арпалыссам, 27 жылдан кейін де дым өзгермеді. Басыма дулығамды киім, қолғабымды тартып жөнелдім. Осы аралықта, сейсмикалық қауіпті жерде орналасқанымызды білетін бірнеше билік ай қарады ма? Дер кезінде көптеген техника жұмылдырғанда, ондаған адамның өмірін ажалдан арашалап алатын едік.
Израиль әскері бейбіт палестиналықтардың үйлерін жарып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл – жергілікті арабтарды қуып, еврейлер тұратын елді-мекен салу үшін жасалынып жатыр.