Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады. Еліміз ресми түрде шетелдік жұмыс күшін тартатын EPS жүйесіне 18-ші мүше болып қосылды. Мемлекетаралық келісім аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру 2028 жылдан басталады деп жоспарлануда. Оған дейін елімізде корей тілінен тестілеу өткізетін арнайы орталық ашылып, үкіметаралық меморандумға қол қойылады. Жаңа тетік азаматтарды кез келген делдалсыз, тек мемлекеттік іріктеу арқылы жіберуге мүмкіндік береді.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Осы жылдың басында келген кореялық сарапшылар жүйені іске қосуға дайындық деңгейін оң бағалады. Үміткерлер корей тілі бойынша тестілеуден, кәсіби дағдыларды бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді. Ресімдер ресми іске қосылғанға дейін жұмысқа орналастыруды ұсынатын делдалдарға ақша бермеуді ескертеміз.