"Екі жаңа өмір": Түркістанда бір отбасында анасы ұлына бүйрегін берсе, тағы бір отбасында ұлы анасына бауыр доноры болды

Екі отбасы. Екі тағдыр. Екі жаңа өмір. Түркістан облысындағы аймақтық клиникалық ауруханада екі отбасы үшін ерекше күн болды. Бір отбасында 20 жыл бұрын анасы ұлына өмір сыйласа, енді сол ұлы анасына бауырының бір бөлігін беріп, жаңа өмір жол ашты. Ал екінші отбасында анасы 20 жыл бұрын дүниеге әкелген ұлына бүгін өз бүйрегін донор ретінде беріп,  өмірін ұзартты. Күрделі бауыр трансплантациясы  Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймаханов бастаған жоғары білікті мамандардың қатысуымен сәтті жүзеге асырылды.  Бұл  –   донорлар мен олардың жақындарының қуанышы ғана емес, трансплантациялық үлкен команданың, хирургтердің, анестезиологтардың, реаниматологтардың, мейіргерлер мен барлық медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің жемісі.