9 миллион еуро тұратын алтын көмбе табылды

Фото: BILD

Бельгияның Дендермонде қаласындағы ескі сыра зауытының астынан пластик пакетке салынған монеталар мен алтын құймалары табылды.

Қазынаны биыл осы құрылыс алаңында алғаш рет жұмыс істеп жүрген 18 жастағы Коби тапқан. Ол De Brand компаниясындағы әріптестерімен бірге кәріз жүйесін тарту жұмыстарын жүргізген.

Демонтаж жұмыстары кезінде жұмысшылар іргетасқа тап болған.

«Құбырларды төсеу үшін белгілі бір тереңдікке дейін жетуіміз керек болды. Сондықтан қабырғаны бұздық. Кейін ол жерде бұрын жертөле болғанын, бірақ оның кейіннен кірпішпен қаланғанын білдік. Алтын сейфте емес, қабырғаның ішінде болған», деді Коби.

Оның айтуынша, құрылысшылар бірден полицияға хабарласқан. Енді олар сыйақы алудан үмітті.

Құны 9 миллион еуроға бағаланған алтын көмбенің қайдан шыққаны және мүлік иесінің бұл қазына туралы білген-білмегені әзірге белгісіз. Қазір Бельгия полициясы алтынның заңды иесін анықтауға тырысып жатыр.