Қызметтік иттер 1600-ден астам қылмысты ашты

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2026

Ант бермейді. Шен тақпайды. Бірақ тәртіп сақшыларымен бірге қылмыстың бетін ашып, жоғалған адамды іздеп, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтайды. Ақтөбеде 30-дан астам төрт аяқты сақшы полиция қызметінде жүр. Жыл басынан бері олардың көмегімен 1600-ден астам қылмыс ашылған. Жанар Датқызы кинологтармен тілдесті.

Иіспен із кесетін сақшылар. Бұлардың әрқайсысының өз міндеті, өз бағыты бар. Бірі есірткі іздейді, бірі жоғалған адамды табады. Енді бірі қылмыс орнында қалған иіс арқылы күдіктінің соңына түседі. Ақтөбедегі кинологиялық қызмет орталығында бүгінде 30-дан астам қызметтік ит пен 15 кинолог бар. Неміс, бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар мен спаниельдер күн сайын жаттығудан өтеді.

ҒАБИТ ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

8 жасқа дейін қызмет атқарады қызметтік иттер. 6 айдан 1 жасқа дейін үйретіледі. Алматы қаласында үлкен кинологиялық  орталық бар, сол жақта қызметтік иттермен бірге кинолог маман 2 айлық курс, спец курс оқып келеді, сосын ары қарай уже осы қалаға келгеннен кейін қызметін атқарып жүреді.

Ал орталықтың мақтанышы-Барон. Есірткі іздеуге маманданған неміс овчаркасы өткен жылы республикалық жарыста қарсыластарынан озып, бірінші орын алған. Бүгінде Баронның жанында үш жылдан бері оның бапкері Ислам Қуаныш жүр. Жас кинолог Баронды күшік кезінен бастап тәрбиелеп келеді.

ИСЛАМ ҚУАНЫШ, ОБЛЫСТЫҚ КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КІШІ ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл есірткі іздейді. Есірткі іздеумен айналысады. Біраз қылмыстарды ашты Баронның қасиеттері өте жақсы, мысалға адамдарды өте жақсы көреді. Тиіспейді адамдарға. Балалармен ойнайды.

Қызметтік иттер орталыққа Алматыдағы республикалық кинологиялық орталықтан 3-6 айлық кезінде келген. Жыл басынан облыс бойынша 1600-ден астам қылмыс ашылды. Жақында жоғалған баланы іздеу кезінде қызметтік иттің көмегі тиген. Аулада ойнап жүрген баланы бірнеше сағат таба алмаған ата-ана полицияға хабарласады. Баланың киімін итке иіскетіп, ит оның көрші үйде жүргенін анықтайды.

ҒАБИТ ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

8 жыл бірге  жұмыс істеген соң, ешкім қимайды оны. Сол себептен көбісі үйлеріне алып кетіп жатады. Ары қарай, уже үйлерінде бапталады. Үйге алып кете алмайтын жағдай болып жатса қызметтік иттер осы ақтық демі таусылғанша осы кинологиялық қызмет орталығында соңына дейін осында болады.

Қызметтік иттердің күтімі де ерекше. Күн сайын ветеринар тексеріп, дәруменге бай азық беріледі. Себебі қызмет барысында олардың зейіні мен иіс сезу қабілеті жоғары болуы тиіс.