Қызылордада күріш жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады

Сыр диқандары апта аяғында күріш оруды бастайды. Қазір соңғы дайындық жұмыстарын пысықтауда. Суды үнемдеу мақсатында дәнді көшеттеп егу, дрон қолдану секілді технологиялар енгізілген. Тіпті жаңа сорттарды тәжірибеден өткізуде.

Сыр өңірінің тынысы күрішпен біте қайнасқан. Сондықтан биыл күріш көлемінің 11 мың гектарға жуығын қысқарту шаруалар үшін елеулі өзгеріс болды. Осыны ескерген ғалымдар суды үнемдеу мақсатында биыл алқапта ауқымды тәжірибелер жасаған. Дәнді көшеттеп, дронмен секілді бірнеше тәсілін сынақтан өткізіп, зертханадағы жаңа сорттарды алқапқа жеткізуге тер төгуде.

ЖАНҰЗАҚ  БАЙМАНОВ, Ы.ЖАХАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дарын сортын өндіріске енгізуге дайындық жасап жатырмыз. Басқа күріш сорттарына қарағанда вегитациялық кезеңі қысқа, биологиялық шығымдылығы жоғары. Біздің өңірімізге, климаттық өзгерісіне, құрғақшығыққа, топырақ тұздылығына өте бейімділігін көрсетіп отыр.

Биыл аймақта 194 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы дақылы егілген. Оның 70 мың гектары күріш алқаптары. Бүгінде алғашқы 19 мың гектарының суы байланып, ораққа дайындалуда. Мамандар мол өнім алуға ниетті. Техинакалар да сақадай сай дейді.

РЫСБЕК ШАЙХИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОРЫНБАРАСЫ:

Күзгі жұмыстарға 3 мыңнан астам техника жөндеуден өткізіліп, жұмылтырылады деп күтілуде. Облысқа бөлінген 10 100 тонна арзандатылған дизель отынының шаруашылықтарға қазіргі таңда 284 теңгеден бөлінуде.

Күріш көлемі қысқарғанымен мамандар әр гектардың өнімділігін арттырудың оңтайлы әдістерін қарастыруға күш жұмылдыруда. Жаңа сорттар мен су үнемдеу бағытындағы жұмыстар да соған негізделген. Өйткені күріштің әр дәнінің артында диқанның маңдай тері бар.