Жыл басынан бері Түркістан облысында жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалды. 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылды. Бұл туралы Бас Прокурордың бірінші орынбасары қатысқан басқосуда айтылды. Инвесторлардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды Айзада Төребекқызы баяндайды.
«Инвестордың бір мәселесін шешу – бір жобаны сақтау. Ал жүйелі мәселені шешу – ондаған, жүздеген жобаның жолын ашу». Осылай деген Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартқанын айрықша атап өтті.
ЖАНДОС ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Мемлекет басшысының тарихи Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттілігі жүктелді. Ал ол жұмысты атқару үшін бұрынғы прокуратура емес, сол прокуратура маңында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бұл басқа мемлекеттерде жоқ үрдіс.
Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ал ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс, – деді Жандос Өмірәлиев. Бүгінде Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапты. Сонымен қатар 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылды.
АЯН МАМЫРОВ, СЕРІКТЕСТІК ЗАҢГЕРІ:
Көптеген инвестицияның мәселесі тез арада соғылып біту ол - шығындарды азайтады. Осы мәселелердің тез-тез шешілуіне көмектескені үшін біз қазіргі таңда нақыт көмек алдық. Жәнее Президенттің тапсырмасы іс жүзінде жүзеге асып жатқаны біз үшін қуантарлық жәйт.
Айта кетейік, бүгінде еліміз бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар 4 еседен астам орындалған. Ал биыл құны шамамен 370 млрд теңге болатын 67 жоба инвестициялық пулға енгізілген.