Имантаудан қола дәуіріне тиесілі қоныс табылды. Бұл шамамен 3,5 мың жыл бұрынғы тарихи жәдігер. Теріскейде Қазақстан мен Қытай археологтарының бірлескен экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Имантауда археологтар 324 шаршы метр аумақта қазба жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу барысында қола дәуіріне тиесілі қыш ыдыстар, тас және сүйектен жасалған құралдар, жебе ұштары, қоладан әзірленген біздер, мал сүйектері мен металл өңдеуге қатысты қалдықтар анықталған.
БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Осындай халықаралық жобалардың маңызы зор. Әсіресе қытайлық мамандардың технологиялық және зертханалық мүмкіндіктері жоғары. Олардың зертханалары топырақтың, күлдің, табылған заттардың, сүйектер мен металдардың құрамын, жасын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай бірлескен жобалардың ғылым үшін маңызы ерекше.
Бұл жәдігерлер ежелгі тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысқанын және металл өңдеудің белгілері болғанын көрсетеді.
ЧЖАН СЯОЛЭЙ, ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ АРХЕЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қазба жұмыстары барысында көптеген артефакт табамыз деген үміттеміз. Бұл жерден жылқы мен мал сүйектері көп табылды. Яғни төрт түлікті ұстау қалыптасқанын көруге болады. Біз Еуразия даласында қола дәуірі мәдениеті басталған кезеңді зерттеу үшін келдік.
Ең маңызды олжаның бірі – тұрғын үй болғанын көрсететін құрылымдар мен пеш орны. Қоныстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары мәртебелі топ өкіліне тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
ДАНИЯР ДҮЙСЕНБАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ «МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ, АРХЕОЛОГ:
Күлдің орындары немесе күйген тастар барлығы бұның пеш екендігін от жаққандығын білдіреді. Алайда оның металлургиялық пеш пе немесе басқа да пеш екендігін әлі анықтау үстіндеміз. Қазіргі таңда біз осы жұмыстардың 80 % на келіп жеттік. Сол қыш өрнектеріне қарап б.з.д. XVI- XV ғасырлармен мерзімдеп отырмыз.
Бес жылға жоспарланған қазақ-қытай жобасының алғашқы кезеңіне еліміздің жиырмадан астам және Қытайдың төрт маманы қатысуда. Алдағы уақытта қазба аумағы кеңейтіліп, ежелгі қоныстың құрылымы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жан-жақты зерттелмек.