Еліміздің үздік палуаны анықталды. Дәстүрге айналған «Qazaqstan Barysy-2026» турнирінде 40 жігіт боз кілемде бақ сынады. Мерейтойлық күрестің алтын белбеуін маңғыстаулық палуан Жантілек Нұртілепұлы еншіледі.
«Лабақ батыр» лақап атымен Маңғыстаудың намысын қорғаған – Жантілек Нұртілепұлы. 21 жастағы жігіт Қазақстан барысына алғаш қатысып, «мен» деген палуандардың жамбасын жер иіскетті. Олардың қатарында Әділет Мырзаш, Олжас Шынкеев, Әділет Оразбаев, Алмас Жұмағалиев секілді кіл мықтылар бар. Дебютант ақтық сында 2023 жылғы барыс Ғалымжан Қырықбаймен белдесуге дейін барып, жеңісті жұлып алды.
ЖАНТІЛЕК НҰРТІЛЕПҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ:
Жарыс жоғарғы деңгейде өтті. Мен алғаш рет қатысып отырмын Қазақстан барысына. Эмоциямен сөйлей алмай отырмын кішкене. Қуаныштымын. Тайтұяқты алдым. Оқу-жаттығу жиынында болдық Марат Байкамуровпен сол кезде тайтұяқ сонда болған бір жыл бойы. Марат ағама айтқам тайтұяқты өзіме алам деп. Міне, алдым.
Бұл жолғы бәсекені әр жылдары алтын белбеу иеленген чемпиондардың қатысуы қыздырды. Көпшілік 2017 жылғы жеңімпаз Еламан Ерғалиев, 2021 жылғы чемпион Дәурен Нұралиновтерді фаворит санағанмен, жас буынның бағы мен бабы қатар шапты.
МЕЙІРЖАН БЕРЕКЕТОВ, QAZAQ KURESI ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Ерекшелігі – қаншама жас буын палуандары өнер көрсетті. Бұл біз үшін өте мәртебе. Себебі алдыңғы буынды қуып жету, озып кету үшін сол өздерінің барлық бабында екенін көрсетіп отыр. Жаңа есімдер шығып жатыр.
Жаңа барыс, жас чемпионға алтын белбеу мен тайтұяқтан бөлек 15 млн теңге бұйырды. Ал жаттықтырушысы Қайрат Иманғазиев 2,5 млн теңге еншіледі. Күміс белбеу иесіне 3,5 миллион теңге, ал қола жүлдегерге 1,5 миллион теңге табысталды.
ҚАЙРАТ ИМАНҒАЗИЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ (МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ):
Қазақстан барысы 2011 жылы басталған ең алғаш. Сол жарысты көрген кезде мен жаттықтырушылық қызметімді енді бастап жатқан едім. Сол кезде айтып едім Қазақстан барысын шығарамын Алла қаласа деп. Бүгін міне оқушым Жантілек Қазақстан барысы болып жатыр. Жантілек 10 жасында келді. Қазір 11 жыл болған екен бірге жұмыс жасап келе жатқанымызға. Еңбек ақталды.
Жантілекті айқын жеңісімен Мемлекет басшысы да құттықтады. Президент дәстүрді жаңғыртып, өскелең ұрпақты ынталандыруда ұлттық спорттың маңызын атап өтті.