Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында азаматтардың дауыс беруге дайындығы жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар сайлау науқаны барысында партиялық таңдауы әлі анықталмаған азаматтардың саны айтарлықтай азайған.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) 2026 жылғы 13 маусым мен 17 тамыз аралығында жүргізілген жеті әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін салыстырды. Зерттеулерді DATAMetrics, Қазақстандық қоғамдық даму институты, Еуразиялық интеграция институты, Демократия институты және Қоғамдық саясат институты жүргізген.
Сайлауға қатысуға дайындық жоғары
Зерттеу нәтижелері азаматтардың дауыс беруге қатысуға деген тұрақты ниетін көрсетеді. DATAMetrics сауалнамасында респонденттердің 75,6%-ы сайлауға қатысатынын айтқан. Еуразиялық интеграция институтының екі зерттеуінде бұл көрсеткіш 72,1% және 73,2% болды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеулерінде сайлауға қатысуға дайын азаматтардың үлесі 75,1% және 70,3%-ды құраса, Қоғамдық саясат институтында – 72,3%, Демократия институтында 73,1% болды.
Осылайша, жеті зерттеудің нәтижесі көрсеткіштердің 70,3%-дан 75,6%-ға дейінгі аралықта екенін көрсетті. Ең төменгі және ең жоғары көрсеткіш арасындағы айырмашылық небәрі 5,3 пайыздық тармақ.
Бұл сайлау науқаны бойы азаматтардың шамамен оннан жетеуінен астамы дауыс беруге ниетті болғанын көрсетеді.
Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге сәйкес, аға буын өкілдерінің сайлауға қатысу белсенділігі жоғары. Қазақстандық қоғамдық даму институтының мәліметінше, бұл топтағы көрсеткіш 80,7%-ға жетеді. Ал жастар арасында – 69,4%.
Жоғары білімді азаматтардың да дауыс беруге дайындығы жоғары екені байқалады.
Белгісіз сайлаушылар саны төрт еседен астам азайған
Соңғы екі айдағы негізгі өзгерістердің бірі – партиялық таңдауы анықталмаған азаматтар санының айтарлықтай қысқаруы.
ҚСЗИ тапсырысы бойынша DATAMetrics 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеуде партиялық таңдауын жасамағандардың үлесі 22,6% болған.
Кейін бұл көрсеткіш Еуразиялық интеграция институтының алғашқы зерттеуінде 14,2%-ға, Қазақстандық қоғамдық даму институтының телефон арқылы сауалнамасында 10,9%-ға, Еуразиялық интеграция институтының екінші зерттеуінде 8,4%-ға дейін төмендеген.
Ал Қоғамдық саясат институтының ең соңғы зерттеуінде партиялық таңдауы анықталмаған азаматтардың үлесі небәрі 5,3%-ды құрады.
Осылайша, алғашқы және соңғы зерттеу нәтижелерінің арасында бұл көрсеткіш 17,3 пайыздық тармаққа төмендеген. Яғни төрт еседен астам қысқарған.
Сарапшылар мұны сайлау күні жақындаған сайын азаматтардың саяси таңдауының біртіндеп нақтылануымен, халықтың ақпараттану деңгейінің артуымен және партиялардың ақпараттық әрі үгіт-насихат жұмыстарының белсенділігімен байланыстырады.
Қазақстандықтардың басым бөлігі сайлау туралы хабардар
Сайлау туралы ақпараттану деңгейі де жоғары.
Қоғамдық саясат институтының соңғы зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 89,4%-ы 23 тамызда өтетін сайлау туралы біледі. Оның 55,2%-ы сайлау туралы ақпаратпен жақсы таныс болса, 34,2%-ы сайлау өтетінін естігенімен, егжей-тегжейін білмейді.
Партиялық таңдаудағы өзгерістер
Зерттеулерді салыстыру «Әділет» партиясының көш бастап тұрғанын көрсетеді. Оның көрсеткіші ҚСЗИ 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеуде 54,2% болса, Демократия институтының 20 шілде мен 6 тамыз аралығындағы сауалнамасында 70,3%-ға жеткен.
Осы кезеңде партияның көрсеткіші 16,1 пайыздық тармаққа өскен.
«Ауыл» партиясы салыстырмалы зерттеулердің барлығында екінші орында тұр. Оның көрсеткіші 5,1%-дан 7,3%-ға дейінгі аралықта.
Ал қалған саяси партиялардың рейтингі айтарлықтай өзгермеген. Дегенмен Құрылтайға нақты қанша және қандай партия өтетіні әзірге ашық мәселе болып отыр.
Әлеуметтанулық зерттеулер «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасында үшінші және төртінші орындар үшін бәсекелестік бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстан Халық партиясы мен қазіргі сайлау науқанына қатысып отырған жалғыз оппозициялық партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия арасында да бәсекелестік байқалады.
Азаматтардың таңдауына не әсер етеді?
Партияны таңдау кезінде азаматтар әртүрлі факторларға мән береді.
Қоғамдық саясат институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 44,4%-ы партия бастамаларына оң баға беруге сүйенеді. 29,2%-ы өзін сол партияның жақтаушысы санайды. 25,3%-ы таңдаған партиясымен Қазақстанның болашағын байланыстырады. Ал 14,7%-ы партияның сайлаушылармен қарым-қатынасына назар аударады.
Сарапшылар сайлау науқанын талқылады
Сайлау барысындағы әлеуметтанулық динамика сарапшылардың да назарында болды.
8 шілде мен 13 тамыз аралығында ҚСЗИ Астана, Алматы, Петропавл және Өскемен қалаларында жеті сараптамалық алаң өткізді.
Кездесулерде қоғамдық көңіл-күй мен электоралдық мінез-құлық, өңірлік ерекшеліктер, партияаралық бәсекелестік, теледебаттар, цифрлық коммуникациялар және азаматтардың таңдауына әсер ететін факторлар талқыланды.
Сайлау жаңа саяси кезең аясында өтеді
Биылғы сайлау жаңа саяси жағдайда өтіп жатыр. Бұл – жаңа Конституция қабылданып, өкілді биліктің жаңа архитектурасы қалыптасқан кезең.
Сондықтан азаматтардың сайлауға қатысуға деген жоғары дайындығын жаңа Құрылтайға деген қоғамдық күтулермен және елдегі одан әрі саяси өзгерістермен байланысты қарастыруға болады.
Соңғы бес жылда Қазақстан бірнеше электоралдық науқан мен жалпыұлттық саяси процесті бастан өткерді. Азаматтардың саяси процестерге тікелей қатысуы біртіндеп қалыптасып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы кезекті электоралдық науқан ғана емес, азаматтық белсенділік, партияаралық бәсекелестік, жария пікірталас пен саналы саяси таңдау маңызды орын алатын жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың кезекті кезеңі болмақ.
Электоралдық картина айқындала түсуде
Жеті зерттеудің нәтижесі 23 тамызда сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұл ретте соңғы екі айдағы басты өзгеріс – дауыс беруге ниетті азаматтар санының артуы емес. Себебі бұл көрсеткіш бүкіл кезең бойы жоғары деңгейде сақталды.
Негізгі өзгеріс – таңдауын әлі жасамаған азаматтар санының айтарлықтай қысқаруы.