Жаңа оқу жылының басталуына тура екі апта уақыт қалды. Бірақ мектептер толығымен дайын емес. Жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатқандары бар. Үкімет басшысы қауіпсіздік талаптарын сақтау, пәндік кабинеттерді жабдықтауда жіберіліп жатқан кемшіліктерді жіпке тізді. Жұмысты жүйелей алмай отырған облыс әкімдеріне ескерту жасады. Еркелді Тілеуқұл рет-ретімен баяндайды.
1 қыркүйекте елімізде 47 жаңа мектеп есігін ашады, оның 20-сы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Жыл соңына дейін өңірлерде тағы 64 мектептің құрылысы аяқталуға тиіс. Ал жөндеу жұмыстарына қатысты жұмыстарға Бектенов көңілі толмайтынын ашық айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
1-ші қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс. Бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын.
Биыл оқушыларды жаңашылдықтар күтіп тұр. Конституцияға сәйкес, құқық пәні факультативті емес, мәртебесі көтеріліп, міндетті пәнге айналды. Ал, бесінші сыныптан бастап, барлық бүлдіршін жеке қауіпсіздік сабағын өтеді. Жаңа Конституция негіздері де 5 мен 7 сынып аралығында пән ретінде оқытылады. Биыл оқушылар үшін басты жаңалық – жасанды интеллект пәні енгізіліп, оқыту басталады. Жалпы, биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа барып, мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады. Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке масштабталады.
Мектеп оқушыларының денсаулығы да ерекше бақылауға алынды. Өткен жартыжылдықта 2,3 млн бала профилактикалық тексерістен өткен. Осылайша, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің 11 пайызында патология ерте анықталды.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Патологиясы анықталған балалардың динамикалық қарауға жататын 36%-ы (86,7 мың.)бақылауға алынды. 2025 жылдан басталған «Болашаққа сау тіспен» жол картасы аясында стоматологиялық кабинеттер саны 145-тен 288-ге дейін ұлғайтылып, білім беру ұйымдарындағы профилактика мен ауыз қуысының гигиенасы дағдыларын қалыптастыру жақсарды.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Оқушының қауіпсіздігі әрдайым басты орында тұруы керек. Бектенов бұны шегелеп айтты. Себебі, тек 7 өңірдің білім ордалары Ішкі Істер Министрлігінің орталық бақылау жүйесіне қосылған. Тіпті кейбірінде терроризм қаупіне қарсы шараларында кемшіліктер анықталған. Олқылықты түзеуге Премьер-министр бір ай уақыт берді.