Енді мектеп оқушылары үзілісте телефон қолдана алады. Жаңа тәртіпке сай, мобильді құрылғыларға салынған шектеу тек оқу процесі барысында жүреді. Алайда, бұл ережені әр білім ошағы өзінше реттемек. Мектептегі «телефон еркіндігі» сабақ сапасына кері әсер етпей ме? Әріптесім Айғаным Тұрысбек тарқатады.
Мектепте телефон қолдануға шектеу бар, бірақ толық тыйым жоқ. Оқу-ағарту министрлігі ережені енгізу құқығын әр мектептің өзіне беріп отыр.
ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Ұялы телефонды оқу процесі барысында тек оқу бағдарламасына сәйкес қысқа мерзімді жоспармен алдын ала қарастырылған жағдайда ғана пайдалануға болады. Ал жалпы оқу процесі кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынады.
Бір білім ошақтарында гаджеттер арнайы жәшіктерге құлыпталса, енді бірінде оқушылардың еркіне қалдырылған. №17 мектеп-гимназиясында оқушының ұялысы өзінде қалады. Сабақта қолданбауын мұғалім бақылайды.
НАЗГҮЛ БАЙДІЛДАЕВА, АҚАН ҚҰРМАНОВ АТЫНДАҒЫ №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Өзінің талаптары бар. Яғни бұл қоңырау кезінде, асханаға барған кезде, төлемақы, тамағының ақшасын төлеуге алатын кезде қолданады. Және қоңырау кезінде ата-анасымен сөйлесуге немесе белгілі бір телефонды қажет болған кезде қолдана береді қоңырау уақытында. Ал енді сабақ кезінде, сабақ уақытында мұғалімнің рұқсатымен ғана қолданады.
Ата-аналардың пікірі де екіге бөлінді. Бірі телефонды толық шектеуге болмайтынын айтса, енді бірі сабақ кезінде смартфонды мүлде қолданбаған дұрыс деп есептейді.
БЛИЦ:
- Қолдануға толық запрет жасауға да болмайды деп ойлаймын. Family Link деген бар.Родителский контроль.Сол приложение арқылы уақыт қойып қойғам. Күніне екі сағаттан артық көре алмайды.
- Телефон қазіргі таңда қажетті құрал, баламен байланыста болу және оны үнемі бақылауда ұстау үшін керек.Бұл дұрыс деп ойлаймын.
- Бұл дұрыс емес, өйткені оқу - оқу болуы керек. Сондықтан телефон қолдануға шектеу қойылуы тиіс. Өткен жылы бізде мұндай шектеу болды, менің ойымша, бұл өте жақсы нәтиже берді.
Мектептегі гаджетке шектеу қою -әлемдік тенденция. Франция, Ұлыбритания мен Нидерланды сияқты елдерде оқушыларға үзілісте де смартфон ұстауға рұқсат берілмейді. Мәселе тек сабаққа кедергі келтіретін телефонда емес. Ол арқылы кибербуллингке, деструктивті контентке және басқа да қауіптерге жол ашылуы мүмкін. Сондықтан енді мектептерде телефонды қолдану тәртібі ғана емес, оның қалай бақыланатыны да маңызды.