Алаяқтардың кесірінен несиеге қарыз болып қалған азаматтар жеке табыс салығынан босатылуы мүмкін. Қазір банк адамның несиесін кешірсе немесе қарызын есептен шығарса, сол сома азаматтың табысы ретінде есептеледі. 1 млн теңге қарыз есептен шығарылса, ол үшін салық төлеу міндеті туындауы мүмкін. Жаңа ұсыныс бойынша мұндай салықты алаяқтық несие құрбандары, сондай-ақ денсаулығына, жұмысынан немесе табысынан айырылуына байланысты несиесін төлей алмай қалған азаматтар төлемеуі мүмкін. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жеңілдік барлық қарыз алушыға бірдей берілмеуі керек. Салықтан босату адамның өзіне байланысты емес себептермен қарызын төлей алмай қалған жағдайларға қатысты болуы тиіс.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар қарызы есептен шығарылған кезде ЖТС төлеуден толық босатылуға тиіс. Мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда банк өз балансын оңтайландыру үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерінен автоматты түрде айырылмауы керек. Тәсіл теңдестірілген болуы қажет.