Қызылжарда полиция қызметкерлері зейнеткерлерді алаяқтардан сақтау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар аша бастады

Қызылжарда полиция қызметкерлері зейнеткерлерді алаяқтардан сақтау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар аша бастады. Топ мүшелеріне күн сайын интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдары туралы ақпарат таратылып отырады. Сондай-ақ, тұрғындар кез келген уақытта көкейінде жүрген мәселелер бойынша сұрақ қойып, мамандардан кеңес ала алады. Топ құрамында полиция, прокуратура және мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар. Бүгінде Солтүстік Қазақстан бойынша 400-ге жуық зейнеткер топқа қосылып үлгерген. Бұдан бөлек, дәл осындай топтар білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін де құрылған. Жалпы жыл басынан бастап  теріскейде интернет-алаяқтықтан 363 адам зардап шеккен. Олардың 88-і қариялар.

ӘЛЬНҰР АХМЕДЬЯРОВ, СҚО ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тәулігіне бір-екі интернет-алаяқтық дерегі тіркеледі. Бүгінгі таңда оның алдын алудың жалғыз жолы - сапалы профилактика. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 18 мамырдан бері зейнеткерлерге қоңырау шалып, алаяқтық жасауға 70-тен астам әрекет жасалған. Қазір арнайы чаттарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған.