Трамп: «Оңтүстік Кореяның орнына Солтүстік Кореямен одақтас боламын»

Конго Демократиялық Республикасында аса қауіпті эбола вирусының жаңа штаммын жұқтырғандардың саны 5000-ға жетті. Әр жарты сағат сайын бір адам көз жұмады. АҚШ-та, Фейсбук, Инстаграмм желілері тиесілі Мета корпорациясына қарсы сот процессі басталды. Миллиардер Марк Цукерберг кінәлі деп танылса 1 жарым триллион доллар айыппұл салынуы мүмкін. Ал, Президент Дональд Трамп Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери оқу-жаттығу ауқымын кенеттен қысқартқан. Себебі, Трамп Оңтүстік Корея Иранмен қарсы соғысқа көмектеспегені үшін ренжіген. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

2378 адам Конго Демократиялық Республикасында эбола вирусынан қаза тапты. Елде қазір 5021 адам қауіпті індетті жұқтырған. Бундибугуо штаммы мамыр айында басталған. Бірақ, оны бақылауға алып, оқшаулауға елдің қауқары жетпей отыр. Оның үстіне, күнделікті ажалмен арпалысып жүрген ақ халатты абзал жандар айлықсыз жүргенімізге бірнеше ай болды, - деп базынасын жеткізуде.

ЭСТЕР СТЕРК, «ШЕКАРАСЫЗ ДӘРІГЕРЛЕР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖҰҚПАЛЫ ІНДЕТТЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз жүргізген зерттеуге сәйкес, алғашқы жұқтыру жағдайлары білінбей қалған, тіпті, қате диагноз қойылған. Бұл да індеттің аса жылдам қарқынмен таралуына себеп болды. Ең сорақысы, әдетте, қауіпті инфекциялардың таралу түрлерінен бөлек, өзге де жолдармен жұғып жатыр. Оқиға Африка құрлығында болғандықтан, адамдардың барлығының бірдей медицинаға қолы жете алмайды.

Фейсбук пен Истаграм әдейі балаларда тәуелділік туғызу алгоритмдерін қолданған. АҚШ-та әлемдегі ең танымал әлеуметтік желілердің иесі Марк Цукербергке қарсы сот процессі басталды. Судья алдында, балалары әлеуметтік желілердің кесірінен зардап шеккен балалардың аналары да сөз сөйледі. Жасөспірімдер депрессияға ұшырап, өздеріне қол жұмсамақ болған. Егер, Мета компаниясы кінәлі деп танылса, 1,4 трлн доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

РОБ БОНТА, КАЛИФОРНИЯ ШТАТЫНЫҢ БАС ПРОКУРОРЫ:

Біз сотта өз позициямызды толық жеткіздік. Мета компаниясы қауіпті функцияларды іске қосқанын білді. Ол – кездейсоқ дүние емес. Оның ішінде, тәуелділік туғызу, депрессия, мазасмыздыққа душар етеді. Жалпы, бұл әлеуметтік желілер баланың есте сақтау қабілетіне де орасан-зор зиян келтірді. Ең бастысы, компания басшысы Конгресс алдында, қоғам алдында өтірік айтты. Сондықтан, осы қылмыстар өте ауыр деп танып, лайықты жаза тағайындауды сұраймыз.

Трамп Оңтүстік Кореяға ренжіп, әскери оқу-жаттығу ауқымын азайтты. Себебі, Оңтүстік Корея Иранға қарсы соғысудан бас тартқан. Енді АҚШ Президенті, Кореядағы әскери контингентті де азайтуды ойлап жүргенін жеткізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Оңтүстік Корея Президентіне көктемде хабарласқанбыз. Иранды өзіміз де жайратамыз. Бірақ, көмек көрсетсе, біз риза болатынымызды жеткіздім. Бірақ, олар, бәледен аулақ жоламаймыз деді. Ал, біз ше? Солтүстік Кореядан қорғау үшін 39 мың сарбаз, техника және флот ұстап отырмыз. Бізге көмектеспейтін, бірақ, өздері көмек талап ететін елдерден бас тарту керек деп санаймын. Оңтүстік Кореяны жайына қалдырып, Солтүстік Кореямен одақтас боламын-ау. Ким Чен Ын негізі жақсы адам. Онымен уақыт өткізу деген тіпті, керемет.

Филиппинде 9-ы сынып оқушысы мектепке қару алып келіп, сыныптастары мен жоғарғы сынып оқитын балаларға оқ жаудырды. 3 бала қаза тауып, 20-ы жарақаттанды. Артынша, өзін-өзі де атып өлтірген. Айта кетейік, елде осыдан екі ай бұрын тура осындай оқиға болған. Ол кезде, 9 оқушы қаза тапқан еді.