Жаңаөзенде ауызсу тапшылығы шешілді

Жаңаөзен мен оған іргелес елдімекендердегі ауызсу тапшылығы шешілді. Бұған дейін кей ауылдарға су тәулігіне үш сағат, ал Жаңаөзенге тоғыз сағат қана берілетін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асырған «Кендірлі» су тұщыту зауыты бүгінде 160 мыңға жуық тұрғынды сумен қамтып отыр.

Бұған дейін Жаңаөзен мен жақын ауылдарда су кестемен берілетін. Енді тіршілік нәрі тәулік бойы үздіксіз жеткізіледі. Зауыттың тәуліктік қуаты – 50 мың текше метр. Оның 35-40 мың текше метрі қазір тұтынуға беріліп отыр.

МЕРГЕНБАЙ ҚАПАРБАЕВ, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ӨЗЕНИНВЕСТ» МКК БАС ИНЖЕНЕРІ:

Суымыз жетеді. Кендірлі су тұшыту зауыты суткасына 50 мың, біз қазір пайдаланып отқанымыз 35-40 мың үстінде. Биыл сәуір айынан бастап 24 сағат тоқтатпай беріп отырмыз.

Тұрғындар да өзгерісті сезініп отыр.

АЛДАБЕРГЕН КАМЕНОВ, ҚЫЗЫЛСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2006 жылы әр үйге осы құбыр тартылды. Оған дейін суды су таситын көлікпен тасыдық. Өтініш береміз, сосын су таситын көлікпен әкеліп құяды, солай ішіп отырғанбыз. Қазір осы су жақсы, біркелкі келіп тұр.

Зауытқа су Каспий теңізінен алынады. Ол үшін 11 метр тереңдікте, ұзындығы шамамен 730 метр болатын екі құбыр төселген. Теңіз суы заманауи технологиямен тұщытылып, санитарлық талаптарға сай ауызсуға айналады.

МАҚСАТ ИБАҒАРОВ, «КЕНДІРЛІ» СУ ТҰЩЫТУ ЗАУЫТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Судың тұшытылғаны, оның сапасы барлық санитарлық нормаға сәйкес келіп тұр. Су кестемен берілмейді, напоры да көбейді.

Зауыттағы арнайы зертханада су сапасы әр төрт сағат сайын тексеріледі.

ҒАЛЫМ БАЙЖАНОВ, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміздің қолдауының арқасында біздің өңірде бүгінгі күні Жаңаөзен қаласында су мәселесі толық күйінде жоқ. Бұрынғы графикпен өмір сүрген Жаңаөзен бүгінгі күнде күні-түні судың барлығы келіп тұр.

Осылайша, «Кендірлі» зауытының іске қосылуы Жаңаөзен мен іргелес ауылдардағы ауызсу мәселесін шешіп, тұрғындарды тіршілік нәрімен тәулік бойы қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.