«Өндіріс» тұрғын үй алабы газдандырылады

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2026

Елорданың «Өндіріс» тұрғын үй алабына газ тартылады. Инвестициялық жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 185 шақырым болатын газ желілері салынып, 85 көшені қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2 120 абонент табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Жаңа инфрақұрылымның газ өткізу қабілеті сағатына 20 мың текше метрге дейін жетеді. Бұл әсіресе жеке сектор тұрғындары үшін маңызды. Себебі қазір қыс мезгілінде мұндағы үйлердің басым бөлігі көмірмен жылытылады. Қатты отынды пайдалану атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін арттырып, экологиялық жағдайға кері әсер етеді.

МАДИЯР АМУРГАЗИН, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ ГАЗДАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Негізгі жоспар бойынша Өндіріс тұрғын үй алабы 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең ағымдағы жылдың 2026 жылдың соңына дейін ұзындығы 40 км болатын газ құбырын салу жоспарланған. Екінші кезең 2027 жылдың аяғына дейін ұзындығы 145 км болатын 13 іске қосу кешенінен тұратын газ құбырын салу жоспарланған. Яғни 2027 жылдың аяғына дейін 185 км газ құбыры салынып, Өндіріс тұрғын үй алабы газдандырылатын болады.