Астанада биыл 173 қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Қаланың дамуы қарқыны тұрғындардың қажеттілігінен озық жүруі тиіс. Астана әкімдігі «адамдарға арналған қала» қағидатына  негізделген абаттандыру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Яғни, көпқабатты ғимараттарды оңды-солды соға бермей, алдымен тұрғындардың демалатын қоғамдық кеңістіктерін көбейтуді басты назарға алған. Сондықтан бас шаһардың инженерлік инфрақұрылымы алдын-ала жоспарланады.

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Бұл қала тұрғындарына жақсы таныс Астаналық базарының маңы. Мұнда бұрын ескі сауда дүңгіршектері толып тұратын. Адам нөпірі арылмайтын аумақтың ығы-жығы шығып, көрер көзге ауырлық түсіретіні әлі есте. Ал қазір көріп тұрғандарыңыздай оның орнына жасыл желек жайқалып, тұрғындардың алаңсыз демалуына жағдай жасалған.

Астана десе алдымен аспанмен астасқан әсем ғимараттар ойға оралады. Талайды тәнті еткен бас шаһардың шырайын аша түсу үшін жас сәулетшілер жаңа бағытта еңбек етіп жатыр. Бұл «қоршаған орта архитектурасы» деп аталады. Яғни, адамдарға жайлы, табиғи қоғамдық  орта қалыптастыру арқылы елорданың образын ерекшелеу – міндет. Соңғы жылдары осы үрдістің арқасында елорданың 500-ге жуық қоғамдық кеңістігі абаттандырылды.

БАҚТИЯР БЕКЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Биыл елорданың барлық ауданы бойынша  173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған. Ірі жобалардың бірі – Greenline бульварының жалғасы. Былтыр бірінші бөлігі Төлеби көшесіне дейін істеліп, қолданысқа берілген. Осы форматта биыл Қуанышбаев театрының маңындағы Мыңжылдық аллеясының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда.  Жалпы ұзындығы 4 шақырымнан асатын бұл сызықтық парк болашақта Нұрлы жол вокзалының аумағына дейін жалғасады.

Бүгінгі күні Астанада 16 саябақ, 293 сквер бар. Мамандар бұл көрсеткіш жылдан жылға өседі деп отыр. Былтыр қала бойынша жаппай ағаш отырғызуға басымдық берілсе, биыл декоративті көгалдандыруға баса назар аударылған.

ТЕМІРЛАН НАЧМЕТДИНОВ, АРХИТЕКТОР-УРБАНИСТ:

Біз өз жобаларымызда Копенгаген, Нью-Йорк, Сингапурдың саябақ үлгілеріне назар аудардық. Өз жобаларымызға сондағы ең үздік элементтерді енгіздік. Тыныштық зоналары,  спорттық және балалар ойын алаңдары, субұрқақтар мен жасыл желек бір жерден табылады.

 БЛИЦ:

- Қазір Астанада көгалдандыру барлығы өзімізге жарасатындай болып келе жатқан сияқты. +Маған ұнайтыны қазір көбінесе өзіміздің дала гүлдерімізді отырғызғаны.Менің ойымша өте әдемі және шетелден келген адамдарға қызықты көрінеді.

- Шетелдерді бәрінде болып көріп жүрмін. Америкада, Нью-Йоркте бір жыл тұрдым. Онда қандай үйлер салынады немесе саябағы қандай деген сияқты. Енді былай қарап отырсам балалар, біздегі жасалып жатқан нәрсе олардан 2-3 есе артық жасалып жатыр деп ойлаймын. Неге десең, мынау міне Германияда өсетін ағаштар.

- Қаладағы саябақтардың бәрі жақсы абаттандырылған. Көгелді үнемі күтіп, баптайды. Балаларыммен келіп, көгалда тамақтанамыз. Ойын алаңдары да жап-жаңа. Балаларға да таза ауада ойнаған ұнайды.

Елорда көркейсе, ел еңсесі көтеріледі. Көгалды көшелер, көрікті алаңдар – бәрі елорданың болашағына жасалған инвестиция. Жыл сайын Астанада 100-ге жуық тұрғын үйдің ауласы мен ойын алаңы жаңартылады. Бұл жоба – «Халық қатысатын бюджет» деп аталады. Тозығы жеткен кеңістік осылайша мемлекет есебінен жөнделеді. Астана тек архитектура емес, Астана – өмір сүруге жайлы қала.