2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатт іске қосылмақ

Фото: gov.kz

Энергетика министрлігі елді сенімді әрі үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету, генерациялау қуаттарын ұлғайту және қажетті электр энергиясы резервін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газтурбиналық қондырғыны, «МАЭК» ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын, «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын 5 газпоршеньді қондырғыны, сондай-ақ «Kazakhmys Energy» ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысын іске қосу көзделген.

Сонымен қатар, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Алматы облысындағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы, Ақтөбе облысындағы әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы, Қызылорда облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы, Түркістан облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы және Абай облысындағы жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы бар.

Жаңа қуаттарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, төрт газ электр станциясын іске қосу, қолданыстағы екі электр станциясын кеңейту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын іске қосу көзделген.