19 жыл бойы жатқан: Алматы тауларындағы мұздықтан табылған альпинистің кім екені анықталды

Фото: gov.kz

Марқұмның 19 жыл бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кеткені анықталды

19 тамызда құтқарушылар Алматы облысының тауларындағы Северцов мұздығынан табылған альпинистің денесін төменге түсірді. Қайтыс болған адамның рюкзагын 19 жыл бұрын жоғалып кеткен ер адамның қызы таныды.

Оқиғаның мән-жайын Алматы қаласының тұрғыны Анастасия Ахметова Facebook-тегі парақшасында жариялады. Ол бұған дейін таудан адам денесін Беларусьтен келген туристер тапқаны туралы жазған.

Әлеуметтік желі қолданушылары марқұмның жеке басын сақталған альпинистік құрал-жабдықтары арқылы анықтауға болады деген болжам айтты. Әсіресе ауыр металл қаңқасы бар рюкзакқа назар аударылды. Мұндай үлгідегі рюкзактар 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында кеңінен қолданылған. Осыған қарап, дене тауда шамамен 20 жыл жатқан болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Арада бірнеше сағат өткен соң жарияланым авторына хабар-ошарсыз кеткен альпинистің қызы Нелля Михеева байланысқа шыққан.

«19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Таңертең құрбым рюкзактың суреті бар жазбаны жіберді. Ол біздің рюкзакқа қатты ұқсайтын. Кейін сол жазбаны күйеуім де жіберді. Мен Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарластым. Олар маған денені төмен түсірген құтқарушы мен тергеушінің байланыс нөмірлерін берді. Тергеуші менен фотосуреттер мен құжаттарды жіберуді сұрады. Кейін қайта хабарласып, рюкзактың ішінен әкемнің атына берілген куәлік табылғанын айтты», – деді ол Instagram парақшасында.

Нелля Михеева марқұмды байқап, оқиғаға бейжай қарамаған туристерге, ақпаратты таратқан блогерлер мен журналистерге, сондай-ақ құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.