Астанада азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын иемдену үшін фишингтік хабарламалар таратқан топ құрықталды. Алаяқтар ұялы байланыс операторларының қорғаныс жүйесін айналып өту үшін арнайы құрылғы пайдаланған. Олар төрт күн 150 мың жалған хабарлама жіберген. Белгілі компаниялардың атынан хат жазып, түрлі бонустар ұсынған. Сілтемеге кірген азаматтар жалған сайтқа түсіп, сол жерде банк картасының деректері мен SMS арқылы келген растау кодын енгізген. Осылайша қаскөйлер азаматтардың жеке және банктік ақпаратына қол жеткізген. Операция барысында қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтар қолданған SMS-бластер құрылғысын тәркіледі.