Түркістан облысында алма теру науқаны басталды

Түркістан облысында алма теру науқаны басталды. Әсіресе, Түлкібас ауданындағы бағбандардың жеміс жинауы қарқынды. Бұл ауданда  үш мың гектардан астам алма бағы бар. Соның 750 гектарға жуығы – қарқынды бау. Мұндағы алма көшеттері Италия, Польша және Түркиядан әкелінген. Алма бақтарындағы қызу жұмыс жайында Айзада Төребекқызы айтады.

Табиғаты мен климаты қолайлы Түрлкібас ауданын күнгейдегі алманың отаны деуге болады. Шақпақ баба ауылындағы мына серіктестікте 233 гектарға алманың еуропалық сортын егілген. Мұнда алманың  гала, голден, пиромин және камспор сорттары бар. 80 адам тұрақты еңбек ететін шаруашылықта жаздық алмалар пісіп, жаппай терім жүріп жатыр. Сондықтан науқан басталғалы мұнда 150-ге жуық ауыл тұрғыны жұмылдырылған.

ГҮЛЗИРА МҰҚАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмысымыз жақсы, өзімізге ұнайды. Бір күнде бір кісі 2 мың келіге дейін алма тереді. Бүкіл бригадамыз 90 тоннаға дейін алама тереміз. Ауылда қыз-келіншектер бос жүрмейді, осы жерде жұмыс істейді. Нанын тауып, бала-шағасын асырайды. Барлық жағдай жасалған.

Алма бауда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Қазір мұндағы әр гектардан 37 тоннадан өнім алынуда. Бағбан биыл 8 мың тоннадан аса жеміс жинауды жоспарлап отыр. Оның жартысын сатылымға шығарса, жартысын арнайы тоңазытқышқа сақтайтынын айтады серіктестік басшысы.  

ҚАЙРАТ САДЫҚОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:

Бізде интегрированный сад деп аталады. Интегрированный сад деген ол химияны көп қолданбаймыз. Қазақстанның әрбір қаласына кетеді. Сосын шет мемлекеттерге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Белорусь елдері біздің алмаға қызығып, солар алады. Бізде мына жерде суытқыштар, алманы ұйықтатып, біз мамыр, маусым айына дейін сақтауға мүмкіндігіміз бар.

Жалпы Түркістан облысында 13 мың 400 гектардан аса алма бағы бар. Оның 5 мың 400 гектары қарқынды бау. Олардың барлығына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Мамандардың айтуынша, дәстүрлі баудан гектарына 6-7 тонна өнім жиналса, қарқынды бау 30-35 тоннаға дейін өнім береді.

ГҮЛФАЙРУЗ ТӘЖІХАН, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Биыл алма бақтарынан мол өнім күтілуде. Алдын ала есеп бойынша биыл облыста 94 мың 500 тоннаға жуық алма жинау жоспарланып отыр. Жиналған өнім ең алдымен облыс тұрғындарының және еліміздің ішкі нарығын сапалы отандық өніммен қамтуға бағытталады. Бір бөлігі сыртқы нарыққа шығарылады.

Айта кетейік, аймақта сыйымдылығы 200 мың тонна болатын 60 жеміс-көкөніс сақтау қоймасы орналасқан. Алмалар сақталумен қатар олардан дайын, табиғи өнімдер де шығарылады.