Қызылжарда зейнеткер көпқабататты үйдің ауласын өз күшімен безендіріп жүр. Түрлі түсті қоршау, арба, ойыншықтар, қысқасы есік алдындағы барлық заттар Бақытжан Әділовтың туындысы. Шебердің айналаны абаттандыруға ден қойғанына 20 жыл болды. Тұрмыстық заттар мен ескі бұйымдарды кәдеге жаратып, оған тың кейіп сыйлайды. Мәселен, марсоход, паровоз, ұшақ, барлығы да балақайлардың жайлылығы үшін жасалғанын айтады. Тіпті балаларға жол ережесін үйрететін бағдаршам мен арнайы жол белгілері де бар. Ал ойын алаңының дәл ортасында Қазақстанның туы желбіреп тұр.
БАҚЫТЖАН ӘДІЛОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Өз ақшама алып жатырмын. Жазда сырлау керек, лактеу керек, шөп шабу керек. Шамамен 60 мың кетеді. Бастап, қалдырып кетсем, бір жағынан өкінішті болады. Пока денсаулық барда істеп жатырмын. Сенбілік болғанда тұрғындар көмектесіп тұрады. Оларға да рақмет айтамын.