ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Астанадағы Alem.ai алаңында Qazbot Robotics Forum-ында Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісін іске қосу жобасы таныстырылды. Жоба робототехника, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіріп, елімізде өзіндік технологиялық және инженерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Жоба гуманоид роботтар мен Embodied AI саласындағы шешімдерді әзірлеуге және өндіруге маманданған халықаралық AgiBot технологиялық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Серіктестік аясында технологияларды Қазақстанда локализациялау, инженерлік құзыреттерді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау көзделген.
«Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бүгінде елімізде жаңа технологиялық бағытты дамытуға қажетті кадрлық база қалыптасып келеді. Қазақстандық жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект салалары бойынша 56 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.