Елде мемлекеттік грантпен оқыған түлектерге қойылатын талап күшейді

Елде мемлекеттік грантпен оқыған түлектерге қойылатын талап күшейді. Кейбір мамандықтар бойынша кемі 5 жыл еңбек етуі керек. Әйтпесе, гранттың қаржысын қайтарады. Ал жұмыс таппағандар қайтпек? Талаптарын Назерке Алтынбек айтып берсін.

Ақтан Олжатайқызы мемлекеттік грант иегері. Ол оқуын аяқтасымен созбалаңға салмай, бірден іске кіріскен. Осы жылы заңмен жүктелген 3 жылдық міндеттемесін толық өтеді.

АҚТАН ОЛЖАТАЙҚЫЗЫ, ПЕДАГОГ:

4 жыл оқудың және стипендияның ақшасын қайтару керек дегеннен кейін, бірден оқу бітірмей жатып, диплом алмай жатып, жұмысқа орналасып, сол бойынша жұмыс жасадық. Жастарға жұмысқа бірден тұрып кетуге мотивация сияқты.

Бұған дейін негізгі талап жүгі медицина мен педагогика саласының түлектеріне артылатын. Ендігі кезекте ерекше бақылау авиация саласына берілмек.

АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНАН КЕЙІНГІ БІЛІМ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығына сәйкес, авиациялық мамандықтар бойынша білім алған жағдайда, тиісті ұйымдарда кемінде 5 жыл, ал басқа мамандықтар бойынша кемінде 3 жыл еңбек ету міндеттеледі. Докторантурада оқығандар да білім беру бағдарламасының бейініне сай келетін мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда кемінде 3 жыл тер төгуі тиіс.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Дегенмен, заңнамада жеңілдіктер де қарастырылған. Бұрын грантты өтеуден босатудың 4 негізі болса, қазір бұл тізбе 8-ге дейін көбейтілді, тізімде:

Мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар;

Жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласы барлар және жұбайы жұмыс істейтін елді мекенде бос орын болмаған жағдайда;

Мерзімді әскери қызметін өткерген немесе келісімшартпен әскерге барған азаматтар;

Сондай-ақ Отандық резидентура, магистратура немесе докторантураға оқуға түскендер. Ал шетелде оқып жатқандарға оқу кезеңіне кейінге қалдыру құқығы беріледі.

Десе де, бітіруші түлек әу баста өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауы мүмкін. Заңгерлер мұндай жағдайда да азаматтардың құқығы ескерілетінін айтады.

НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Бірақ, жас түлек мен жұмыссызбын деп тіркеледі. Бұл заң бойынша 6 ай тұрады. Содан кейін тағы алты айға созғызсаңыз болады. Осылайша 12 ай, яғни бір жылыңыз өтелді деп саналады.

Білім беру гранты  мемлекеттің жастарға берген қолдауы ғана емес, жауапкершілік те жүктейтін мүмкіндік. Ал жаңа ережелер елдегі кадр тапшылығын шешіп, білікті мамандардың отандық экономикаға үлес қосуына жол ашпақ.