Қазақ жастары жасанды интеллект саласында топ жарып жүр

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2026

Бүгінде жаһандық трендке айналған жасанды интеллект бағытында еліміздің жастары көш ілгері келеді. Мәселен еліміздің дарынды өрендері әзірлеген білім беру платформалары қысқа мерзімде жүзден аса елдің қолданушыларын баурап, әлемдік чарттарда топ жарды.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тарих қойнауынан тамыр тартып, заман көшімен бірге жасап келе жатқан ұлы даланың байлығы тек жер астындағы қазынамен өлшенбесе керек. Ең басты байлық - шексіз ойдың ұшқыны мен білімге құштар жалынды жастар. Бүгінде жаһанды жайлаған жасанды интеллект дәуірінде қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу ұрпағы әлемдік аренада топ жарып, үлкен биіктерді бағындырып жүр.

Солардың жарқын бір дәлелі - қазақстандық студенттер ағылшын тілін үйрететін жаңа бағдарлама ойлап тапты. Таңғаларлығы сол, қосымшаны үш күн ішінде 107 елден 60 мың қолданушы жүктеген.  App Store платформасында ТМД елдерінің арасында бірінші орынға шықты.

АСЫЛЖАН АЛТАЙ, "ALEEM" ҚОСЫМШАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Біздің мақсат - әлемдегі ең мықты мұғалім, ең мықты оқулық, оқыту әдістері және тағы басқаларды телефонға тегін түрде орнату. Қазақтың балалары, шет елдің балалары ағылшын тілін сапалы үйрене алатындай платформа жасап жатырмыз.

Жасанды интеллектінің құдіреті тек шет тілін үйретумен шектелмейді. Оқырманымен бірге күліп, бірге мұңаятын «AbaiLAB» платформасы да көпшілікке таныстырылды. Әзірлеушілер қосымшаның ішіне жасанды интеллект арқылы Абайдың виртуалды кейіпкерін орналастырған. Егер сұраққа дұрыс жауап берсеңіз - ұлы ойшыл күлімсіреп, ал қателессеңіз, көңілі түседі. Ойынның деңгейлері де Абай философиясындағы «Нұрлы адам», «Кемел адам» және «Толық адам» концепцияларына негізделген. Сондай-ақ ғаламторды қажет етпейді және 3 тілде жұмыс істейді.

МАЙРА МӘЛІКҚЫЗЫ, ЖОБАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІСІ:

ЖИ-дің бір көмегі ол әр уақытта, әр кезеңде Абай мұрасын тек ойын ойнап қана қоймайды, сұрақтарға жауап беріп қана қоймайды, сенсорика, моторика сияқты тың ақпараттармен толықтырылады. Бұдан бөлек жаратылыстану бағытында, яғни математика саласындағы оқушылар, студенттер, оқытушылар Абайдың мұрасына тек қана әдеби туынды ғана емес, есеп шығару ақылы, көбейту, қосу амалдары арқылы да дендеп енуге болады.

Америкада топ жарған «Aleem» қосымшасы да, ұлттық руханият пен нақты ғылымды тоғыстырған «AbaiLAB» платформасы да - отандық жастардың әлеуеті қаншалықты шексіз екенінің айғағы.