Қазақстан дамуының жаңа басымдықтары талқыланды

"Болашақ бейнесі: нәтижеден жаңа стратегияға" тақырыбында бүгін Астанада National Think Tank форумы өтті. Жиынға ұлттық талдау орталықтарының басшылары, мемлекеттік және халықаралық ұйымдар өкілдері, академиялық қауымдастық сарапшылары қатысты. Форумда Қазақстанның экономикалық және цифрлық әлеуеті, адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды жетілдіру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ саяси реформалардың маңызы мен олардың әлеуметтік тұрақтылыққа ықпалы сөз болды. Сарапшылар бүгінгі нәтижелерді саралай отырып, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған жаңа стратегияларды айқындауға басымдық берді.

ЖАНДОС ШАЙМАРДАНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сараптамалық қауымдастыққа ерекше жауапкершілік жүктеледі. Аналитикалық орталықтар мемлекеттік шешімдерді түсіндірумен ғана шектелмеу керек. Олардың міндеті өзгерістердің сипатын алдын ала байқап, ықтимал тәуекелдерді бағалау, қоғам мен мемлекетке нақты шешімдерді ұсыну.