«Әділет» партиясы саяси науқанның үгіт-насихат кезеңін қорытындылады. Орталық аппаратта өткен жиында республикалық сайлауалды штаб өкілдері, сенімді тұлғалар мен бақылаушылар дауыс беру күніне дайындығын пысықтады. Науқан барысында өңірлерде 247 штаб жұмыс істеп, ел бойынша мыңдаған кездесу өткізілді. Негізгі бағыт - мемлекет басшысының реформаларын қолдау және жаңа Конституция қағидаттарын іске асыру. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, тұрғындардан түскен 2 мыңнан астам ұсыныс пен аманат алдағы заңнамалық бастамалардың берік негізіне айналады.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық бағытының арқасында елімізде ірі жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым дамып, экономика жаңғырып келеді. Халық қалалар мен ауылдардағы оң өзгерістерді күнделікті өмірінен көріп, сезініп отыр. Сондықтан Президентіміздің бағытын қолдап, елдің одан ары дамуын осы саясатпен байланыстырып отырғаны түсінікті. Әрине, қордаланған мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жаңа Конституциямыз оларды жүйелі шешудің берік негізін қалап, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Біздің мақсатымыз – оның ережелерін іске асырып, халықтың өміріне нақты оң өзгерістер әкелу.