Профилактикалық тексерудің жаңа цифрлық форматы сынақтан өткізілді

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Елордадағы мектептердің бірінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балаларды профилактикалық тексеруден өткізуге мүмкіндік беретін телемедициналық кешенді сынақтан өткізуге қатысты. Жаңа форматта цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады.

Тексеру барысында №11 қалалық емхананың дәрігері Думан Искакова диагностикалық құрылғылардың баланың денсаулық көрсеткіштерін қалай тіркеп, алынған деректерді цифрлық форматта ақпараттық жүйеге жіберетінін көрсетті. Алдағы уақытта бұл мәліметтер баланың электрондық денсаулық паспортында көрсетілетін болады.

Профилактикалық тексеру кезінде алғаш рет цифрлық жабдықтар – ЭКГ, стетофонендоскоптар, плантографтар, бой өлшегіштер мен таразылар, пульсоксиметрлер, отоскоптар, ауыз қуысы ішіндегі камералар, сондай-ақ жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

«Профилактикалық тексерулерге формалды көзқарастан бас тартуымыз керек. Бұған дейін тексеруден өткені туралы белгі қойылуымен ғана шектелетін жағдайлар болды. Енді дәрігер баланың денсаулық жағдайын кешенді түрде бағалай алады: бойы мен салмағын өлшеп қана қоймай, объективті диагностикалық көрсеткіштерді де алады. Барлық дерек медициналық ақпараттық жүйелерде тіркеледі. Біз нормативтік құжаттарға және профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу қағидаларына қажетті өзгерістерді енгіздік. 1 қазанға дейін жаңа форматқа көшуге дайындалуға мүмкіндік береміз. Бұл жұмысты бүкіл ел бойынша толық көлемде қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Жаңа форматтың негізі – 2025 жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі. Ол профилактикалық тексеруден өту және қауіп факторларын анықтаудан бастап, медициналық маршрутты қалыптастыруға, бейінді маманға жіберуге және кейіннен динамикалық бақылауға дейінгі 54 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау аяқталды. Бұл оқушының оқу орны мен тіркелген жері, профилактикалық тексерулерден өткені, вакцинациялау және денсаулық тобы туралы өзекті мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Осылайша, профилактикалық тексерулер кезінде цифрлық жабдықтарды пайдалану балаларды профилактикалық тексерудің сапасын түбегейлі өзгертеді. Бұл баланың денсаулық жағдайы туралы объективті деректер алуға мүмкіндік беріп, патологияларды уақтылы анықтауға, тиімді ем жүргізуге және денсаулық жағдайын одан әрі бақылауға негіз болады.