4 миллионнан астам ауыл тұрғыны заманауи медициналық көмекке қол жеткізді

Денсаулық сақтау министрлігі

2019 жылдан бері Қазақстанда 1 263 денсаулық сақтау нысаны салынды. Ірі жобалардың қатарында Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен 200 төсекке арналған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, Алматыдағы 350 төсекке арналған Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы, сондай-ақ өңірлердегі жаңа ауруханалар мен емханалар бар.

Медициналық инфрақұрылымды дамыту бірнеше міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді: денсаулық сақтау жүйесінің қуаттылығын арттыру, халықтың мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейту, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізу, сондай-ақ медицина мамандарының жұмыс істеуіне жаңа жағдайлар жасау.

Бүгінде елімізде жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысаны қатар салынып жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда және Өскемен қалаларында 300 төсекке арналған көпбейінді ауруханалардың құрылысы жалғасуда. Атырау облысының Өркен және Нұрсая шағын аудандарында, Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында және Талдықорған қаласында жаңа емханалар бой көтеруде.

Медициналық нысандарды салу және жаңғыртумен қатар, оларды кадрлармен қамтамасыз ету және өңірлерге мамандар тарту жұмыстары жүргізілуде. 2023–2025 жылдары және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ауылдық медициналық ұйымдарға 1 735 маман жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 722 дәрігер және 1 013 орта медицина қызметкері бар. Осы кезеңде жаңғыртылып жатқан 32 аудандық ауруханаға тағы 624 дәрігер мен 642 орта медицина маманы келді. Осылайша, ауылдық денсаулық сақтауды кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық жобаның іс-шаралары 100% орындалды.

Ауылдық денсаулық сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі дамытылып, аудандық ауруханалардың мүмкіндіктері күшейтілуде.

2025 жылдың соңына қарай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде жоспарланған медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының барлығы – 655 нысанның құрылысы аяқталды. Соның арқасында 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекке тікелей тұрғылықты жері бойынша жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Жаңа нысандар телемедицина және физиотерапия кабинеттерімен, дәріхана пункттерімен, емдік дене шынықтыру залдарымен және басқа да қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.

Сонымен қатар 32 аудандық аурухана жаңғыртылуда, оның 12-сі толық жаңартылды. Жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен қатар ауруханалар компьютерлік томографтар мен ангиографиялық кешендерді қоса алғанда, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылуда.

Бұл әсіресе инфаркт пен инсульт кезінде маңызды, өйткені мұндай жағдайда медициналық көмек алғашқы сағаттарда көрсетілуі қажет. Жаңа жабдықтар аудан орталықтарының өзінде диагностика жүргізіп, емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде пациенттерді облыстық ауруханаларға тасымалдау қажеттілігі азаяды.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 млн-нан астам ауыл тұрғыны аудан деңгейінде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізеді. Мамандардың бағалауынша, жобаны іске асыру жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен болатын өлімді шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Медициналық нысандарды салу және жаңғыртумен қатар, өңірлерге мамандар тарту жұмыстары да жалғасуда. 2023–2025 жылдары және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ауылдық медициналық ұйымдарға 1 735 маман, оның ішінде 722 дәрігер мен 1 013 орта медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Осы кезеңде жаңғыртылып жатқан 32 аудандық ауруханаға тағы 624 дәрігер және 642 орта медицина маманы келді.