Оралда әскери бөлімнің 400-дей сарбазы дауыс берді

Еліміздегі әскери бөлімдердегі сайлау учаскелерінің жұмысы басқалардан  бір сағат ерте басталып, тез аяқталады. Ұлттық Ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөліміндегі сайлау учаскесі таңғы сағат алтыда ашылды. Таңмен таласа тұрған жауынгерлер ең бірінші болып дауыс берді. Осында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 400-дей жас сарбаздың жартысына жуығы сайлауға алғаш рет қатысып отыр.

ЕРБОЛ ҒАНИБЕКҰЛЫ, САРБАЗ:

Менің ойымша, менің берген даусым біздің Қазақстан Республикасына үлес қосқанына кәміл сенемін. Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы осы дауыс беруге қатысып, ат салысуы керек. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Жас сарбаздармен бірге офицерлер және келісімшарт бойынша қызмет етушілер де өз таңдауын жасады. Тізімге енгізілген барлық әскерилер дауыс беріп болғасын, учаскелік комиссия дауыс беру рәсімі аяқталғанын мерзімінен бұрын жариялай алады.

БАҚБЕРГЕН ИСАҚОВ, №479 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біз үшін саяси маңызды күн.  Сарбаздар таңғы алтыда тұрып, өзінің азаматтық борышын өтеп, дауыс беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шығуы қажет. Өйткені Ұлттық Ұланның басты міндеттерінің бірі - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет.