Қызылжарда 543 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

Қызылжарда 543 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 92-і облыс орталығы - Петропавл қаласында  орналасқан. Сондай-ақ, өңірде 13 жабық сайлау учаскесі бар, олар - әскери бөлімшелер, ауруханалар және түзету мекемелері. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин қазір тікелей байланысқа шығады, Абзал, сіз эфирдесіз.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Ақбота! Демалыс күні болса да теріскей тұрғындары ұйқыдан ерте тұрып, өзінің азаматтық позициясын білдіруге асықты. Білім және инновация мектебінде орналасқан 634-сайлау учаскесі таңғы сағат жетіде ашылды. Бірінші болып келгендердің арасында әдеттегідей зейнеткерлер көп кездесті. Алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар да бар.

ДАЙАНА ТАМАШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен- Қозыбаев университетінің бірінші курс студентімін. Бүгін өмірімде бірінші рет дауыс беріп жатырмын. Ел үшін маңызды қадамға атсалысу мен үшін үлкен қуаныш.

Әр сайлаушы өзінің тұрғылықты тіркелген жерінен  дауыс береді. Жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы жергілікті әкімдіктің сайтынан өз аты-жөнін анықтап, сайлау учаскесінің мекен-жайын білуге болады. Сайлау учаскесінің өкілдері, маңайдағы тұрғындардың барлығын алдын ала ескерткенін айтады.

АРАЙЛЫМ САРТАЕВА, №634 САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

634-сайлау учаскесінде 2057 сайлаушылар тіркелген. Солардың барлығына комиссия мүшелері шақырту билеттерін тапсырды. Сайлау учаскесінде азаматтар қазір қарқынды келіп жатыр. Негізгі леп бізде сағат 9 бен 12 аралығында болады.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жалпы облыс бойынша 365 мың адам дауыс беруге құқылы. Бүгін ел болашағына бей-жай қарамаған әрбір қазақстандық сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауда. Менде әзірге бар ақпарат осы.