Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталмақ. Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында Вице-Президент лауазымы пайда болып, Халық Кеңесінің жұмысы жанданады. Сонымен қатар ел көлемінде ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Вице-Президент лауазымының енгізілуіне қатысты пікір білдірген мемлекет басшысы бұл өзгерістің қазіргі күрделі кезеңде ел үшін маңызды екенін атап өтті.
«Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет», – деді ол.
Вице-Президенттің кім болатыны жақын күндері белгілі болмақ. Айтылған мәліметке сәйкес, жаңа лауазым иесі келесі аптада немесе он күн ішінде жарияланады.
Халық Кеңесінің жұмысы күшейеді
Саяси реформалардың тағы бір бағыты – Халық Кеңесінің қызметін жандандыру. Жаңа орган қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласатын көпфункционалды тетік ретінде қарастырылып отыр.
«Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады», – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Кеңестің жұмысы алдағы уақытта нәтижелі болуы тиіс.
Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарлар да ауқымды. Әр облыс орталығында, аудан мен қалаларда жаңа нысандар салу көзделіп отыр. Оның ішінде емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар бар.
Астанада да бірқатар ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы бар.
Қалаларды абаттандыру мен қоршаған ортаны жақсарту мәселесіне де ерекше мән берілмек. «Таза Қазақстан» акциясын жалғастыру – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі.
«Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн»
Мемлекет басшысы елдің дамуы тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек», – деді ол.
Сондай-ақ саяси науқанның нәтижесіне тоқталып, сайлау барысында жаңа тұлғалардың танылып, түрлі ұтымды идеялардың ұсынылғанын айтты.
«Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», – деді мемлекет басшысы.