Дауыс беру үшін кезек, мерекелік көңіл күй, жәрмеңке: Алматыда дауыс беру белсенді жүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2026

Қазақстанда Құрылтай есімді 10 азамат бар. Оның екеуі -Алматы қаласының тұрғыны. Бірі- бүгін 75 жасқа толған Құрылтай Сәкенбаев. Қария мерейтойында сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Алматыдан тілшіміз Әйгерім Есенкелді тікелей байланысқа шығуға дайын тұр, Әйгерім.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Рахмет, Ақбота! Қайырлы күн, көрермен! Дәл қазір қаладағы оқушылар үйінде орналасқан №456 сайлау учаскесінд тұрмыз.  Дауыс беруде жұрт өте белсенді. Тіпті бір уақытта кезек те пайда болды. Алматыда жалпы бауыс беруге арналған 670 учаске таңғы 7 ден бастап өз жұмысын толық атқаруда. Қала бойынша1 млн 329 мың адам дауыс беру құқығына ие.

Дауыс беруге келген тұрғындар үшін мұнда мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Күй күмбірлеп, ән әуелеп тұр. Сондай- ақ, бүлдіршіндердің көңілін көтеріп жүрген аниматорлар мен ұлттық нақыштағы бұйымдар жасауға шеберлік сағаты да бар.

РОЗА МАМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дауыс беру керек, сенген адамдарымыз қалып кетпесін деп. Оның бәрі біздің ұрпақтарға қалады, өзімізге де жақсылық алып келеді. Екі немереммен келгем, азанда ерте тұрғызып: «Бүгін мерей... мереке ғой, бірге барамыз» деп. Сол аниматорлар қазір балаларды алып кетті ойынға. Жәрмеңке өтіп жатыр екен. Мектепке керек нәрселер сатылып жатыр. Сол қазір кете бара жатып, сол керек нәрселерді оқушыларға алса да болады.

Ал қала тұрғыны Құрылтай Сәкенбаев үшін бүгінгі күннің жөні бөлек. Маңызды саяси науқан оның 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген.

ҚҰРЫЛТАЙ СӘКЕНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстанның құрылтайы біздің елімізге құт-береке әкелсін, қуаныш әкелсін. Барлық шешімдері қабылданып, ұрпақтарымызға жақсылық болсын. Жеріміз тыныш, еліміз аман болып, Қазақстанымыз жасай берсін.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Қала бойынша учаскелік сайлау комиссияларының құрамында 4 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Ал сайлау барысын бақылау үшін 10 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттелген. Айта кетейік, шахарда бүгін қоғамдық көлік тегін қатынауда.

Мендегі ақпарат осы. Ақбота,сөз кезегі өзіңізде.